- Негізгі бет
- Сән
- Қысқы сән: қалың...
Қысқы сән: қалың тоқымалар
Өткен ғасырдың 80–90 жылдары сәннен түспеген қалың тоқыма жемпірлер тағы да сәнге айналып, әрбір бойжеткеннің шкабынан орын алатын тәрізді.
Бұл тоқымалар алуан түстерімен ғана емес, әртүрлі өрнектерімен де, пішімдерімен де ерекшеленеді. Бірінде жаға бар, екіншісінде жаға жоқ, үшіншілерінде қалта, төртіншілерінде жағасы қиғаш орналасқан, ал кейбіреулерінің жағалары көлемді, кеудені жауып тұрады.
Біздің елімізде мұндай тоқымаларды бикештеріміз джинсымен, леггинсымен кигенді ұнатады.
Дизайнерлер тоқымалардың қалыңдығын жеңілдетіп, офиске, кейбір іскери-кешкі шараларға кие беруге болатын әсем киім түріне айналдыру үшін жұқа матадан тігілген әртүрлі ұзындықтағы белдемшелермен, жұқа шалбарлармен бірге киюді ұсынып отыр.
Сондықтан жұқа белдемшелеріңізді сандыққа салып тастамаңыз. Мұндай костюмнің бір құпиясы – ол сізді нәзік, ұяң жан етіп көрсетеді. Осы идея әсіресе алмұрт пішінді бикештер үшін ұтымды. Бұл бикештерге қолтығы кең пішілген, үлкен орама жағалы тоқымалар әдемі жарасады. Егер «алмұрттар» мойнына көлемді алқалар тоқыманы белдікпен кисе, белі қыналып, денесі сымбатты болып көрінеді.
Ал алма пішіндегілерге кең қолтық тоқымаларды алудың қажеті жоқ. Тым ұзыны да, контрастты түстер де денені тым дөңгелек етіп жіберуі мүмкін. Сол себепті орташа ұзындықтағы тоқымалар тура келеді. Ұзынша моншақтарды не сырғаларды салбыратып таққан, сондай-ақ кеудесінде ұзын-ұзын өрнек сызықтар түскен тоқыма «алмаларды» ұзартып, көркіне көрік қосып, сұңғақ бойлы бойжеткен етеді.
Банан пішінді арықша келген бойжеткендер үшін қалың тоқымалар таптырмайтын шешім. Бұларға ромбик, этникалық стильдегі сырғалар, кез келген ұзындықтағы моншақ алқалар жараса кетеді. Классикалық үйлесім: қызыл тоқыма мен қара шалбарды да анда-санда киюге болады.
Қалың тоқымаларды сырылған пальтоның ішінен киіп, weekend күндері шаңғы, коньки теуіп, демалысты көңілді өткізе аласыз.
Тоқымалар тренді 2015 жылда да жалғасын таппақ. Олар – жемпір-көйлектер. Өз дене бітіміңізге сай келетінін таңдай аласыз.
Кинестетиктер үшін жағымды жаңалық – табиғи үлпілдек жүндерден: ангора, мохир түбіттерінен тоқылған жемпірлер сәнге оралды.
Қыста сәнді киіну мүмкін емес деп кім айтты?
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: whitecamelia.it
Оқи отырыңыз:
Ф. Абилова