Сүңгуірлер пайдаланған «водолазка» ХХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында сән әлеміне кірген. Содан бері өзінінің ыңғайлылығымен, әдемілігімен еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін киетін киім түрі ретінде белгілі.
Бұл жылы да оны әлемнің әйгілі дизайнерлері өз коллекциясына енгізіп, подиумда көрсетті.
Бұрын ақ, қара, сұр түрлері әрбір адамның гардеробында болса, енді барлық түспен түрлеген «водолазка» жейде мен блузаның орнында сарафан, жакет, пиджак, кардиган, күртелердің ішінен ерекше сән беріп тұратын өте тиімді киімге айналды. Әсіресе аң терісі немесе жасанды теріден жасалған жилетпен кисеңіз, соңғы трендтен хабары бар сәнді бикеш образына, ал драп, твид маталарынан тігілген жилеттерімен кисеңіз, іскери леди рөліне енесіз. Тіпті спорт костюмінің ішінен киіп, серуенге шығуыңызға болады.
Водолазды әртүрлі моншақ, алқа, бижутерияны тағып киген ұтымды көрінеді.
Егер «водолазка» тамағыңызды қысқандай, тынысыңыз тарылғандай әсер берсе, онда эндокринолог дәрігерге барып, қалқанша безіңізді тексертіңіз.
Водолазды таңдағанда кеңдеу, бір өлшемге үлкендеуін алғаныңыз жөн. Өкінішке орай, кейбіреулер денемен дене етіп, тырыстырып киеді. Бұл эстетикалық талғамға өте қайшы келеді.
Водолаздың мақтадан, жүннен, яғни табиғи талшықтан тоқылған түрлері денсаулығыңызға өте жағымды әсер етеді.
Сурет: Ернар Алмабек
Автор: Фариза Әбілова