Қысқы сән-2015: Ретро стиль

Ретро стильге деген қызуғышылық күн сайын артып келеді. Бұл оның кез келген бойжеткенге өзін әртіс сезінуге мүмкіндік беретіндігімен байланысты болса керек. Мұнымен қатар, бойжеткендер әртүрлі кезеңде сәнде болған киімдерді өздеріне жарасса, қайта киіп көруге дайын.

Ретро стиль дегеніміз не? Бұл - өткен жылдарға деген сағыныш, аналарымыз таққан түрлі әшекей бұйым мен киген киімдеріне қызығушылық. Бүгінгі ретро стиль – өткен жылдардың элементтері көрініс тапқан киімдер.

«Ретро» сөзі латын тілінен аударғанда «өткенге оралу», «артқа», «артқа оралған» деген мағынаны білдіреді. Оның қай аралықты қамтитыны нақты белгіленбесе де, сән әлемінде XIX ғасырдың І жартысы мен XX ғасырдың 70 жылдарына дейінгі аралықты осы стильге тән дейді.

30 жастан аспаған, 60 жасқа жетпеген заттарды «винтаж» дейді. «Винтаж» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «жүзім өнімі», «көне» деген мағынаны білдіреді. Кейбір сәнгер тек 60 жылдарда тігілген киімдерді винтаж деп атайды.

Тарихы

Әрбір сәнқой қызға тарихтың белгілі бір кезеңіндегі киімдер ұнайды. Оларды еске түсіріп көрейік:

Өткен ғасырдың 20 жылдары – сән тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі. Қыз-келіншектердің бейбіт заманда киіп, соғыс кезінде бас тартқан киімдері. Олар соғыс жылдарында салтанатты, бүрмелі көйлектерден, желбіршек етектен, ұзын шаштан бас тартты. Өйткені оны киіп еңбек ету, еркін қозғалу қиын болатын.

Соғыс аяқталған соң қыз-келіншектердің фабрика мен зауыттағы, аурухандағы күндері артта қалды. Десе де соғыс саналарына әсер етіп, танымына, сыртқы келбетіне, дене бітіміне үлкен өзгеріс енгізді. Олар тәуелсіз, өзін ептей алатын, ешкімнен көмек сұрамайтын жандарға айналды.

20 жылдардағы бас киімдерге ерекше назар аударуға болады. Ерлер киіміне әуес қыздардың нәзіктігін бір ғана зат айқындап тұрған. Ол – бас киімдері. Сол заманда бас киімсіз жүру – нағыз мәдениетсіздік болып есептелген. 

20 жылдардағы сәнді «Чикаго стилі» деп те атайды. Осы кезеңде сән әлемінде екі негізгі бағыт пайда болды: Чикаго стиліне жақын джазды образ (қысқа шаш үлгісі, арқасы ашық, етегі түзу, белі төмен орналасқан көйлек, боа) және ерлер киіміне ортақтасқан қыздар образы (шалбарлы костюм, шалбар). Тіпті белдің айқындалмауы, кеуденің жоқтығы сәнге айнала бастады. Корсеттерді унисекс стилі алмастырды. Уақыт өте келе белдемшелердің ұзындығы қысқарды. Қолғаптар сәнге айналды.

Биыл қыс және көктем маусымдарында ретро стильдегі киімдер сәнде. Оларды сіз де байқап көріңіз.