Қысқы сән-2015: Ретро стиль - 2

Ретро стиль дегеніміз не? Бұл - өткен жылдарға деген сағыныш, аналарымыз таққан түрлі әшекей бұйым мен киген киімдеріне қызығушылық. Бүгінгі ретро стиль – өткен жылдардың элементтері көрініс тапқан киімдер.

«Ретро» сөзі латын тілінен аударғанда «өткенге оралу», «артқа», «артқа оралған» деген мағынаны білдіреді. Оның қай аралықты қамтитыны нақты белгіленбесе де, сән әлемінде XIX ғасырдың І жартысы мен XX ғасырдың 70 жылдарына дейінгі аралықты осы стильге тән дейді.

Басы

Әйгілі Коко Шанель өткен ғасырдың 20 жылдарында таныла бастаған болатын. Ол кішкене қара көйлекті, гофре мен бүрмелі белдемшені осы кезде ойлап тапқан. Ойлап тапқан киімдері қарапайым пішініне қарамастан, барқыт, жібек, атлас сынды қымбат маталардан тігілген. Көпшілік осы кезеңді ретро стильдің бастауы деп біледі.

Өткен ғасырдың 20 жылдарында эклектика мен арт-деко стилі дүниеге келген. «Art Deco» француз тілінен аударғанда «декоративтік өнер» деген мағынаны білдіреді. Арт-деко дегеніміз – этникалық, экзотикалық, авангардтық мотивтердің өзара араласуы. Әдетте бұл стильдегі киімдерді тігу үшін бай әшекейлер мен сәнді маталар қолданылады.

 


Өткен ғасырдың 30 жылдарында әлемде экономикалық дағдарыс болып, әйелдер қайтадан нәзік бола бастаған еді. Олардың бұл қасиетін өздері де, ерлері де сағынған. Ендігіде қыз-келіншектер тіктөртбұрышты көйлектердің орнына белдерін айқындап тұратын, денелеріне қонымды киімдер кие бастайды. Ұстамдылық пен кербездік – 30 жылдардың қос символы десек, жаңылмаймыз. Белдемшелер ұзарды, әдемілене түсті, түрлі әдіспен перделеніп тігілетін болды. «Чикаго» стилі қайтадан танымал бола бастады: басқа тағатын атлас байлауыш, бұрым, көйлектегі кең ойық.

Кинодағы көптеген әртістің киіну мәнері күнделікті сәнге әсер етті. Грето Гарбо, Марлен Дитрих, Кэтрин Хепберн мен Вивьен Ли 30 жылдардағы сәнқой қыздардың кумиріне айналды. Сұлу бойжеткендер кино әртістерінің киіну, жүру мәнеріне еліктей бастады. Күнделікті тұрмыста аң терісінен жасалған киімдер мен қолғап киді. Осы уақытта дағдарыс болып жатқандықтан, қымбат көйлектер алуға қаражаттары жетпеді. Образдарын аксессуарлармен толықтырды.

Өткен ғасырдың 30 жылдарында екі әйгілі сәнгер Габриель Шанель мен Эльза Скиапарелли сән әлемінде бір-біріне қарсы шықты. Біз Шанельдің стилі қарапайым, жинақы, классикалық әрі консерваторлық болғанын білеміз. Ал Эльза Скиапареллидің стилі мүлдем басқа, креативті болатын. Қиялына ерік бере білген сәнгер бойжеткендерге жарқын түсті, авангардтық стильдегі, эпатажды көйлектер ұсынды.

Эльза өте ерекше дүниелер жасайтын. Мысалы, әйелдер туфлиі мен бәтіңкеге ұқсайтын қалпақ, телефонға ұқсайтын сөмке, омар пішінді көйлек және т.б. Оны голливудтықтардың көбісі ойының ұшқырлығы мен қиялына ерік бере білетіндігі үшін жақсы көретін. Ол 1936 жылы сән әлеміне алғаш рет фуксия түсін енгізді. Қайтыс болған кезде осы түстес костюмде жерленді.

Көптеген сәнгер өзінің топтамасын жасауда ретро-стильдің элементтерін пайдаланады. Егер осы стильде киінгіңіз келсе, төмендегі бірнеше кеңесті ескеріңіз:

- көне стильді заманауи киімдермен қалай үйлестіруге болатындығын түсіну үшін аксессуарлардан бастауға кеңес береміз;

- ретро стильдегі киімдерді бастапқыда ер мінезді бойжеткендер кигенін ұмытпаңыз. Ол өзіңізді барынша сенімді сезінуге көмектеседі;

- өзіңіздің артықшылықтарыңызды көрсетіп, кемшіліктеріңізді жасыратын киімдерді таңдауға тырысыңыз. Мысалы, иықты болсаңыз, 80 жылдарда сәнде болған иығы көтеріліп тұратын костюмнен бас тартқаныңыз жөн;

- ретро стилінде киімдер мен аксессуарлардан бөлек, шаш үлгісінің маңызы зор. Ол да өз кезегінде образды толықтырып тұрады.