60-ыншы жылдары сәнге айналған палаццо шалбары бірнеше маусымнан бері сән подиумдарынан түспей келеді. Себебі, бұл шалбар кез келген қыз-келіншекке жараса кетеді.
Палаццоны кеңсеге де, күнделікті киім ретінде немесе кешкі шараларға да, жазда да, қыста да киюге болады. Сондықтан, палаццоны әрбір ару must have-қа енгізіп, алдымыздағы қыс маусымында түрлендіріп кие алады. Ол үшін мінсіз талғам қажет.
1. Кеңсеге арналған костюм. Твид не бір тегіс тығыз жүн матадан тігілген кең балақ шалбарды бойфренд жейдесімен және өкшесі орташа биіктіктегі қайық туфлимен немесе етікпен киген жарасымды. Аксессуардың қарапайым түрін таққаныңыз жөн.
2. Күнделікті casual стилінде палаццоны әдеттегідей жай майкамен киген моветон. Оны свитшотпен, қысқа немесе күдері тонмен киген ерекше сәнді етіп көрсетеді. Образды бірнеше қатар моншақ тағып немесе жиегі жалпақ қалпақ арқылы аяқтауға болады.
3. Мерекелік шараларға кию. Тойларға неше алуан көйлектер көп-ақ. Алайда жұрттан өзгеше болып дараланғанды қаласаңыз, палаццо шалбарын қымбат жұқа матадан тіктіргеніңіз жөн. Бұл қалалықтардың киімі.
Палаццо шалбары дене сымбатыңыздың кейбір кемшіліктерін бүркемелеуге де көмектеседі. Мысалы, «алмұрт» бойжеткеннің бөксесі үлкен болғандықтан, аяғы қысқа болып көрінеді. Ал бұл шалбардың балағы кең әрі ұзын болғандықтан, бұл кемшілікті білдірмей жібереді. Тек жоғары жағына жабосы бар не қамыт жағалы көлемді блуза киюді ұмытпағаны дұрыс. «Төңкерілген үшбұрыш» пішінді бикеш аяқ жағын палаццо шалбармен теңдестіре алады.
Аяғының қысқалығынан қымсынатын қыз-келіншектер үшін де тиімді. Олардың ательеге барып палаццоны белі жоғары етіп тігуге тапсырыс бергені абзал. Дәл осылай кезінде Марлен Дитрих киінген. Коко Шанель де палаццоны жиі киген.