Қысқы сән-2015: Етіктер

Қыркүйек айы да, міне, аяқталып келе жатыр. Дүкендерге қысқы аяқ киімдер келіп түсті. Биылғы қыста қандай етік киеміз?

Бәтеңке

2014 жылдан бері сәннен қалмаған аяқ киімнің бірі – қысқа қонышты бәтеңке. Көзге ауыр болып көрінгенімен, дұрыс таңдалған киім аксессуарларының көмегімен мұндай бәтеңке нәзік көрінуі мүмкін. Бәтеңкені тек джинс шалбарымен емес, белдемше және көйлекпен де үйлестіруге болады. Бұның нормкор стиліне жақын образ болары анық.

Соңғы екі жылда Timberland үлгісіндегі бәтеңкені киіп, көше кезіп жүрген қыздарды жиі көрген едік. Биыл басқа да фирмалардың үлгілері сатылымға шықты.

Етік

Ұзын етік – еліміздің солтүстік, шығыс және орталық облыстарына лайық аяқ киім. Қазірде ұзын қонышты етікті өте сирек көреміз. Олардың орнын дизайнерлік бәтеңкелер мен қысқа етіктер басты. Дегенмен, ең алдымен денсаулықты ойлау керек. Сол себепті суық күндері таза былғарыдан жасалған, іші табиғи теріден жасалған етік киген жөн. Мұндай етіктер белдемше, көйлекпен жақсы үйлеседі.

Кроссовка

Соңғы сән маусымдарының барлығында спорттық аяқ киімдер шыққан еді. Рrêt-à-porter және haute couture сән көрсетілімдерінде кроссовка мен кедалар твид костюмы, той көйлектерімен үйлесіп, сәнқой қауымға таныстырылған еді. 2015 жылдың қысқы сәнінде де кроссовкалар бар. Платформалы жылы кроссовкалар, теріден жасалған кедалар сәнді болғанымен, елімізден ең жылы деген аудандарына ғана лайық болады.

Ботильон

Ботильонның ең басты ерекшелігі қалың, тұрақты өкшесінде. Биылғы қыста әртүрлі декоративті, түрлі түсті ботильон үлгілерін таңдауыңызға болады. Ботильонды қыстың басы мен аяғында, яғни жылырақ кезде киген жөн.

Айкезбе

«Айкезбе» етігін ыңғайлы, жылы болғандықтан, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін кие алады. Айкезбе етігі қыстың ызғарын білдіртпейді. 2015-2016 жылдарға дизайнерлер айкезбенің әртүрлі үлгілерін ұсынды. Өзіңізге жайлы болатын түрін таңдап, кез келген киіммен үйлестіріп киюіңізге болады.

Аяғыңызды жылы ұстауға тырысыңыз, деніңіз сау болсын!