- Негізгі бет
- Сән
- Қысқы сән-2015: Бас...
Қысқы сән-2015: Бас киімдер
Қыстың қаһарлы аязына тоңған кезде, қалың бас киім киюден басқа амалымыз қалмайды. Көп қыз бірдей бас киім таңдайды. Алайда оларды алмастыруға болатындығын ұмытпайық.
Хомут мойынорағышы
Далада жылы болса, хомут мойынорағышын жеңіл ғана байлап алуға болады. Олар бірнеше жылдан бері сән әлемінің төрінен орын алып келеді. Қажеті жоқ кезде мойныңызға байлап, образды толықтырасыз.
Бұл сөзді айтқан кезде, ауылда көп жұмыстан қолы босамайтын келіндерді еске түсіретін шығарсыз. Осы орамал сәнге кіргелі бірнеше жылдың жүзі болды. Тұрмыс құрып үлгермеген бойжеткен болсаңыз да, оны неге тағып көрмеске? Оған ер азаматтар да сүйсіне қарайтын еді. Ең бастысы – матасы сапалы болсын. Суретіне назар аударуды да ұмытпаңыз. Құлағым мұздайды десеңіз, ішінен үшкіл орамал тағып, кішігірім қулық жасауға болады.
Қалпақ
Келер маусымда қалағаныңызды таңдаңыз. Жиегі тар немесе кең, ерлердікіне ұқсайтын қалпақша. Таңдау еркі өзіңізде. Көпшілік «федора» деп аталатын түрін таңдайды. Бір шетінен аталған бас киім барлығына бірдей жарасады.
Пилотка
Ол құлақ пен басты жылы ұстайды деп айту қиын. Бірақ келбетіңізге ерекше көрік беретінін жасыра алмаймыз. Пилотка аң терісі мен тафтаннан жасалуы мүмкін. Көбінесе әскери стильде тігіледі. Шашыңызды буып, өріп, тіпті жайып қойсаңыз да жақсы жарасады. Қыста қатты суық болған кезде сыртынан мойынорағыш тағамыз. Бастысы – оны бір шетке қисайтып кию қажет.
Берет
Оны қанша және қандай түрлері бар екенін нақты анықтау қиын шығар. Өйткені сәнгерлер беретті жыл сайын түрлендіріп отырады. Бірақ париж стиліндегі беретке ешқайсысы жетпейді. Бұл бар болғаны біздің пікіріміз. Таңдау еркі тек өзіңізде. Оның тоқылған түрлері де бар.
Кепка
Оның атын естіген кезде, бірден көз алдымызға спорттық үлгідегі түрін еске түсіреміз. Күнделікті спорттық киім көп кимейтіндіктен, оның милитари стиліндегі түрін ұсынамыз. Оны өзіне барынша сенімді, батыл қыздар таңдайды.
Аң терісінен жасалған капюшон
Ол өте ыңғайлы әрі көздің жауын алады. Жылы ауа райында иығыңызға қойып қойсаңыз да артық болмайды. Бұл капюшондар XVII ғасырда сәнде болса да, бүгінгі таңда бойжеткендер оны қуана-қуана киеді.
Тюрбан
Ретро әлемінен тағы да сәлем! Олар XX ғасырдың 30 жылдарында сәнге айналған болатын. Сол уақыттан бері сәннен шығып, бірнеше рет оралып үлгерді. Алғашында тюрбандарды романтикалық стильдегі көйлектер мен іскерлік стильдегі костюмдермен киетін. Ал қазір оны былғары шалбармен, шалбар-белдемшемен, леггинсымен үйлестіреміз. Ең бастысы – қыс мезгіліне арналған тюрбанды қарапайым мойынорағыштан жасап алуға болады.
Аң терісінен жасалған құлаққаптар
Ертедегі шетелдік фильмдегі оқушыларды еске түсіреді. Оны киіп алып, асыр салып ойнауға болады.
Шляпа мен орамал
Бұл бірегей зат бохо-шик стиліндегі заттармен үйлеседі. Ұзын белдемшемен, этникалық әшекейлермен, былғары шалбармен, ботфорт етікпен жақсы көрінеді. Мұнымен қатар, милитари стиліндегі пальтомен киюге болады.
Құлақты жауып тұратын байлауыш
Бір қарағанда тюрбанға қатты ұқсайды. Бірақ басты түгелдей жаппайды. Балалық шақты еске алып, оны өз қолымызбен жасап алуымызға болады.
Қ. Бүйенбай