Ақ аяқ киімдер — қысқы трендтің бірі. Ол дөрекі ақ бәтеңке, қонышы ұзын әрі кең тұратын ақ етік немесе қонышы қысқа ақ ботильон болуы мүмкін. Тек қара аяқ киім емес, ақ аяқ киімдер де көптеген киіммен үйлеседі. Егер қысқы ақ аяқ киім алуды шешсеңіз, оны қандай киімдермен үйлестіруге болатынын ұсынамыз.
Жемпір мен джинс шалбар
Суық мерзімде жиі киілетін жемпір мен джинс шалбар ақ етікпен немесе бәтеңкемен әдемірек көрінеді. Ақ бейтарап түс болғандықтан, мұндай аяқ киім кез келген түсті жемпірмен жараса кетеді.
Көйлек
Біртүсті көйлек таңдаңыз да, оған қалаған аксессуарларыңызды қосыңыз. Тұтас ақ түсті киім үлгісін жасауға да болады. Ақ бәтеңкемен қысқа және миди ұзындықтағы көйлектер үйлесе береді.
Қарындаш-белдемше мен водолазка
Кеңсеге арналған стильді киім үлгісінің бірі — қарындаш-белдемше мен водолазка. Бұл қатаңдау киім үлгісін ақ ботильонмен ерекше етіп көрсетуге болады.
Шалбарлы костюм
Ақ бәтеңкені шалбарлы костюммен үйлестіру үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз:
- Бәтеңкелермен қатаң костюмдерге қарағанда кең тұратын пиджак жақсырақ үйлеседі;
- Ақ аяқ киіммен жолақты немесе торлы костюмдер стильді көрінеді;
- Пиджак ішінен киетін футболканың немесе жейденің ақ немесе ақшыл түсті болғаны жөн.
Кюлот шалбар
Киім үлгісі әдемі көрінуі үшін кюлот шалбардың ұзындығы етіктің басталатын жерінде аяқталуы керек. Кюлот шалбарды кез келген стильді жейде немесе свитермен киіңіз.
Ақ аяқ киім аса күтімді қажет ететіндіктен, көпшілік оны алмай-ақ қойғанды жөн көреді. Алайда бірнеше қарапайым ережені орындау арқылы оның бастапқы түрін сақтауға болады:
- Етіктегі ластықты меламин сорғышпен тазалаңыз;
- Бірінші күннен бастап су жұқтырмайтын қорғаныш спрей қолданыңыз;
- Үйге келген бойда аяқ киімді тазалап қойыңыз;
- Үйде ақ аяқ киімді күннің көзінен алыс қойыңыз.