- Негізгі бет
- Сән
- Қыс сәні –...
Қыс сәні – 2021. Жылы киімді қалай таңдаймыз?
Күн суып келеді, жылы киініп жүру маусымы басталды. Трендтен шыққан киімдерді бір бұрышқа жиыстырып, сәндегі үлгілерді үйлестіріп талғамыңызды таныта аласыз. Олай болса, біз ұсынған үлгіні ұстанып көріңіз.
Қазір дене формасын көрсетіп, жабысып тұратын стиль сәннен кетті. Керісінше, оверсайз үлгідегі киімдер көпшілікке ұнап келеді. Мысалы, тоқылған жемпірлердің бос үлгісі келер қыстың сәні болмақ.
Қолғап, бас киім мен бөкебай бір жинақта болуы кезінде ерекше сән болып көрінетін. Қазір талғам өзгеріп, стиль көбейген сайын бұл шарттылық та жойылды. Қолғап пен бас киіміңіз бір үлгіде, ал бөкебай басқа түстен болса, ештеңе етпейді. Керісінше, ерекше көрсетіп тұрады.
Қыпша белді ерекшелеп көрсету де трендтен кеткен. Оверсайз киімдерді, әсіресе күртелерді белдікпен қымтау кейде ғана сәтті болуы мүмкін. Ал slim қалпындағы киімдерді резеңке белдікпен қымтап керек емес.
Тоқыма көйлек өткен сән үлгісіне айналды. Қазір олардың орнын трикотаж көйлектер басты. Әдеттегідей денеге жабысып тұратындай емес, кең өлшемді түрлері ғана қысқы маусымның сәні болады.
2021 жылдың қысқы образында биік өкшелі етік жоқ. Керісінше, жүруге жеңіл, аяққа ыңғайлы аласа өкшелі қысқа қонышты етік пен қысқа арналған кроссовки таңдаған дұрыс. Естеріңізде болса, биыл ерекше тақасы бар аяқ киімдер сәнге айналған болатын. Кезігіп жатса, эксклюзив ұнаса, сондай етіктер таңдасаңыз да болады.
Байқағандарыңыздай, қазіргі тренд қарапайымдылыққа, минимализмге негізделіп келеді. Әсіресе сырт киімдерге қойылатын талабы бар. Резеңке белдік деген сын болса, енді күртенің не пальтоның жағасында, қалтасында, бауында жүн болмауы керек. Яғни, артық детальға жол жоқ.
Г. Берік