- Негізгі бет
- Сән
- Қыс мезгіліне арналған...
Қыс мезгіліне арналған маскалар
Бет терісі әжімсіз әрі түсі балғын болуы үшін ерекше күтім қажет. Ал ерекше күтімді түрлі масканың көмегімен жасаймыз. Қыз мезгіліне қандай маскалар сай келетінін кезекті материалымыздан оқи аласыздар. Қыста теріні ылғалдандырып қана қоймай, аяз бен желге төзімді болуы үшін түрлі дәруменмен қоректендіру қажет. Осыған орай назарларыңызға әсері өте күшті 4 масканы ұсынамыз.
Маска мәселесіне тоқталған кезде оларды қаншалықты жиі қолданатындығымыз туралы айтпасқа болмайды. Жаз бен күз мезгілдерінде екі аптада бір рет маска жасасақ, қыста екі күннің бірінде маска жасауымызға тура келеді.
Құрмадан жасалған маска
Құрма – теріні ылғалдандырып қана қоймай, оны тереңінен қоректендіретін жеміс. Оның құрамында А, В1, В2, В3, С, Р сынды дәрумендер бар. Бұл дәрумендер қартаюды тежейді, әжімдердің орнын жазады. Жасалуы өте қарапайым: құрманың етін езіп, терімізге жағамыз. 20 минуттан кейін тониктің көмегімен сүртіп тастаймыз. Артынша қоректендіретін крем жағамыз. Аталған маска кез келген тері типіне сай келеді.
Дәрумендерге толы маска
Бұл рецепт қыс мезгілінде құртылатын құрғақ терілерге сай келеді. Зәйтүн майын қыздырып, бір-бір шай қасық А және Е дәрумендерін қосып, жақсылап араластырамыз. Душқа түсіп шыққан соң масканы салфетканың көмегімен бетімізге жағамыз. 20 минут өткен соң майдың қалдығын тоникпен сүртеміз. Қосымша ештеңе қосудың қажеті жоқ.
Ашытқыдан жасалған маска
Қалыпты теріге таптырмас маска десек те болады. Ол беттегі қызарған бөртпелерді басып, майдың дұрыс бөлініп шығуын қамтамасыз етеді. Оны әзірлеу үшін ашытқы мен сүт қажет. Сүтті қыздырып, аз мөлшерде ашытқы саламыз. Араластырған кезде қаймаққа ұқсауы тиіс. Оны таза бетке жағып, арада 15 минут өткен соң жуып тастаймыз.
Банан мен бидайдан әзірленген маска
Бұл да қыс маусымына арналған, кез келген теріге сай келетін маска. Ол аяз бен желден қорғайды. Оны әзірлеу үшін банан мен бидай өсінділері қажет. Бидай дәндерін ыдысқа салып, су құйып, бөлме өсімдігі секілді етіп өсіруге болады. Ал масканы әзірлеу үшін өсінділер мен бананды араластырып, бетімізге жағамыз. Арада 25 минут өткен соң сумен шайып жібереміз. Артынша қоректендіретін крем жағамыз.
Қ. Бүйенбай