- Негізгі бет
- Сән
- Қыс-2016-2017: тон...
Қыс-2016-2017: тон
Қыс келе жатыр. Жылы киімдерді әлдеқашан қамдап қоятын уақыт болды. Тон, пальто, ішік секілді қалың сыртқы киімдерді таңдауда әлі ойланып жүрген оқырмандарымызға бірер ақыл-кеңес ұсынғымыз келеді.
Ұзын тон
Ұзын тондар суретте көрініп тұрғандай тым әдемі көрінеді әрі суықтан сөзсіз қорғайды. Бірақ күнделікті киюге арналмаған. Өйткені көлікке отырғанда ыңғайсыздық тудыруы мүмкін, лас жерлерде сүйретіліп жүреді. Бір жақсысы мұндай тондардың ішінен қалаған киіміңізді кие аласыз: салтанатты кештерге арналған көйлектерді де, қыдырып шыққанда шалбар мен жейдені де ойланбайсыз.
Егер нәзік көрінгіңіз келсе, қысқа тон таңдағаныңыз дұрыс. Арулардың көбі тізеден келетін немесе одан сәл төмен түсетін ұзындықта тон іздейді. Олар да жылылықты ұстап тұрады әрі жүріп-тұрғанда ыңғайлы. Егер бұл да ыңғайсыз деп тапсаңыз, белден келетін тон таңдаңыз. Соңғы үлгіні барлық киіммен үйлестіріп киюге болады.
Оверсайз үлгісіндегі тондар да сәнге айналған. Оларды әсіресе жабысып тұратын шалбармен, джинспен киген жарасады.
Орта ұзындықтағы тондар белдемшелермен, көйлектермен жарасады. Әсіресе, қынама бел болса, тіптен әдемі, тек түсін таңдап сәйкестендірсеңіз болады. Белдемшенің не көйлектің етегі тонннан шығып тұрмағаны абзал.
Ал шалбарларға келетін болсақ... Шалбардың балағы аса кең болмағаны дұрыс. Мейлінше, классикалық, скинни, джеггинс үлгісіндегі шалбарды таңдаған жөн.
Орта ұзындықтағы тонды неше түрлі образға салып киюге болады. Мысалы, тонды қалың белбеумен тағынсаңыз, киіміңіз сәнді көрінеді, ал күдері бау тақсаңыз, нәзік етіп көрсетеді.
Қысқа тон
Қысқа тондарды қалай үйлестіріп киюге болады? Мұндай үлгілер аса қатты аяз болмаған кезде киюге ыңғайлы. Бұл үлгіні «автоледи» деп те атайды, себебі, үнемі көлікпен жүретін, көлік жүргізетін арулар үшін өте қолайлы. Жүргенде кедергі болмайды, бастысы отырғанда қыртысталмайды.
Қыс мезгіліне арналған жылы көйлектермен, шалбармен киген жарасады. Мұндай тондар күз мезгілінде пальтолардың орнын алмастыра алады.
Г. Берік