Қыркүйек айының сән топтамасы

Қыркүйек айының сән топтамасы

Жаз өзінің мәресіне жақындап, күзге арналған киім мәселесі жайлы ойланатын кез келді.

Біріншіден, қыркүйекте адамдардың көпшілігі еңбек демалысынан қайтып оралады. Сол себепті мұндай кісілер үшін жұмыс жаңа серпінмен, жаңа көңіл-күймен, әрине жаңа киім-кешек алумен басталады.

Сондай-ақ мектеп оқушылары, студенттер, жалпы адамдар мезгіл ауысуына байланысты мүмкіндігінше жаңа киім алады. Былтырғы киімдердің көбісі сәннен шығып, орнына жаңа тренд үлгілері келіп жатыр. Бірақ, әрине, барша халыққа бірдей зат ұнай бермейді. Сондықтан әйгілі, халық аузында жүретін дизайнерлер күзгі топтаманы сан қилы етіп ұсынды.

Ең алдымен, жаңа маусым түстері жайлы айта кетейік. Күздің сәнді түстерінің бастаушы – қызғылт сары – апельсин, сәбіз түстері. Бұл түстегі киімдерді басқа түстермен үйлестіру мәселесіне келгенде абай болыңыз. Стилист мамандарының айтуы бойынша, бұл түсті максималды түрде қолдану керек емес. Яғни, сәбіз түсті сөмке немесе шалбар кисеңіз, қалғаны басқа түсте болғаны жөн.

Күздің тағы бір трендті түсі ретінде көп қыздардың сүйікті ашық қызғылт түсін атап өтпеске болмайды. Бұл түс пастель палитрасының түсіне жататындықтан, оны сол палитра ішіндегі ашық көк, нәзік сары, ақ түстермен үйлестіре киюге болады.

Күз мезгілінің сәнді түстерінің біріне – ақшыл сары түс те жатады. Бұл түсті киімдер топтамасын көбіне Алматы қаласының Koton дүкендерінде кездестіруге болады. Ақшыл сары түс жұмыс істейтін адамдар мен студенттер үшін күнделікті киюге болатын түстің біріне жатады. Себебі бұл түс қара, ақ, джинс, қоңыр, қою қызыл сияқты көптеген түстермен үйлеседі.

Егер жаңа киім алу мүмкіндігіңіз жоқ болса, бұрынғы киіп жүрген киімдеріңізге аталған сәнді түстердегі аксессуарлар алып, тағуға болады.

Біз түстер мәселесін талқыладық. Ал, енді, қыркүйек айының трендтеріне көшейік.

Бастаушы – милитари (әскери). Милитаридың сән әлемінде айналып жүргеніне көп уақыт болды. Офицерлердің киетін киімі, түсі, стилі жалпы "милитари" деген атқа ие. Былтыр сәнге парка атты киімдер кірді. Ол, әдетте, хаки түсті, капюшоны бар, бостау тұратын пальто секілді сырт киімі. Осы күзде камуфляжды принты бар, хаки түсті киімдер сәнді деп есептеледі. Және милитари стиліндегі қара түсті, баумен байланатын күзгі етік алуыңызға болады. Айта кететін жайт, милитари стилінде тек хаки түсі емес, ақ, қара, көк, сұр және қара қызыл түстері пайдаланылады. Яғни, милитари стилі деп камуфляжды, хаки түсті заттарды көре сала айту қателік, бұл стильді түске қарай емес, киімнің тігісі, түймелері және жалпы киімнің сыртқы түріне қарап анықтау керек. Милитари стилінде әдетте, өзіне сенімсіздеу келетін қыз-келіншектер айбынды, қаталдау етіп көріну үшін киінеді. Нәзіктік пен қатаңдық астасып, қыз-келіншек бейнесін жұмбақ етіп көрсетері сөзсіз. Алайда бұл стильде бір ғана затты мысалы, погоны бар кеудеше немесе милитари стиліндегі аяқ киім киюді немесе сөмке асынуды ұмытпаңыз. Бастан-аяқ милитари стилінде тек әскерилер киінетінін есте ұстаңыз.

Сонымен қатар, қыркүйек айында қарапайым «casual» стиліндегі киімдер сәнде екенін ұмытпаңыз. Келесі айда тоқылған киімдер тренді жайлы сөз қозғайтын боламыз.

Аталған сәнді түстер мен айдың басты трендтеріне сай киінсеңіз, сәннен қалыспайсыз деген ойдамыз. Сұрақтарыңызға әрдайым жауап бар, пікірлеріңізге ризамыз!

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: vk.com

Р. Роза