- Негізгі бет
- Сән
- Күзгі тренд: 5...
Күзгі тренд: 5 аксессуар
Қарапайым киім үлгісін ерекше етудің ең оңай жолы – оған аксессуарлар қосу. Ал күз-қыс мерзімінде трендте болу үшін қандай аксессуарлар таңдаған жөн?
1. Алтын шынжыр алқа
Алтын шынжыр алқа осы мерзімнің must have затына айналды. Оның көлемді түрі болсын, жіңішке түрі болсын, ең қарапайым джинс шалбары мен ақ футболкадан тұратын киім үлгісіне де салтанаттылық сыйлай алады. Сондай-ақ, street style сәнқойларынан водолазканың сыртынан жейде немесе жағасы бар көйлек киіп, үстіңгі бір-екі ілгегін ашып, мойнына алтын шынжыр таққанды жиі байқадық. Мұндай киім үлгісін де өзіңізге байқап көрсеңіз болады.
2. Басы төртбұрышты аяқ киім
Басы үшкір аяқ киімдер сәннен кеткен жоқ, бірақ күз-қыс мерзімінің ең сәнді аяқ киіміне – басы төртбұрышты етіктер жатады. Мұндай аяқ киімдер 90-жылдары танымал болды. Басы төртбұрышты етіктер киім үлгісін ерекше әрі стильді етеді. Сонымен қатар, әйелдердің көпшілігінің үлкен башпайының қасында шығыңқы сүйек болады. Бұл сүйек басы жіңішке және үшкір аяқ киім кигенде ауырады. Ондай кезде басы төртбұрышты аяқ киім алсаңыз, біріншіден, аяғыңыз ауырмайды, екіншіден стильді көрінесіз.
3. Жалпақ белбеу
Былғары, мата немесе өрілген жалпақ белдіктер кез келген киім үлгісін бір сәтте ерекше етеді. Оны жакет, пиджак, көйлек, oversize жемпір немесе пальтоға тағуға болады. Белдіктің орнына баска алуға да болады.
4. Табаны қалың бәтеңке
Табаны қалың аяқ киімдер сәннен кетер емес. Бұл мерзімде дизайнерлер өз қиялдарына ерік берді: оның ұзын, қысқа, бауы бар, белдігі бар, басы дөңгелек және басы төртбұрышты түрлерін кездестіруге болады. Оның үстіне сәнқой қыздар жуан аяқ киімдерді тек спорттық киімдермен емес, классикалық киімдермен, тіпті, көйлектермен де киюді ұсынды.
5. Қап-сөмке
Соңғы бірнеше ай қатарынан танымалдылықтың шыңына нық орналасқан Bоttega Veneta The Pouch қап-клатчі көлемді және қыртыс сөмкелерге деген жаңа тренд берді. Мұндай аксессуар көпшілік назарын өзінің ерекше стилімен, ыңғайлылығымен және сыйымдылығымен жаулап алды. Оны қолға ұстауға немесе қолтық астына қысып алуға болады. Оның ішіне барлық қажетті заттар сыйып кетеді. Оның үстіне сөмкенің бетіндегі ретсіз қыртыстар ең қатал киім үлгісінің өзіне еркіндік сыйлайды.