Былғары күртке қыздардың күзгі және көктемгі гардеробындағы сүйікті киімі десек қателеспейміз. Былғары күртке сәннен шықпайтын базалық киімге айналып барады. Биыл дизайнерлер тек күртке емес былғарыдан тігілген басқа киімдерді де күнделікті киім үлгісіне қолдануды ұсынып отыр. Ендеше, күзде былғарыдан тігілген қандай киімдер сәнде болады?
1. Күртке. Былғары күрткелерді дизайнерлер жылдан жылға сәл өзгертіп ұсынып отырады. Бұрын қысқа әрі денеге жабысып тұратын түрлері сәнде болса, қазір 1980-жылдардағыдай кең тұратын былғары күрткелер оралуда. Сондай-ақ былғары күрткенің сырып тігілген түріне де мән беріңіз.
2. Шалбар. Бір кездері былғары лосинылар сәнде болды. Қазір аяққа қатты жабысып тұрмайтын былғары шалбарлар сәнге келді. Олар клеш, бермуд және т.б шалбар пішінінде тігілуі мүмкін. Былғары шалбар жылы жемпірлермен жақсы үйлеседі.
3. Комбинезон. Дизайнерлер батыл қыздарға ұнайтын былғары комбинезондарды ұсынды. Мерекелік кештерге көйлек немесе шалбарлы костюм киюден жалықсаңыз, былғары комбинезон таңдауға болады. Себебі ол сәнді әрі ерекше көрінеді.
4. Тренч. Былғары тренч қарапайым мата плащтың баламасына айналды. Мұндай тренчтің 1960-жылдардағыдай ақшыл түсті түрі және 90-жылдардағыдай қара түсті түрі де сәнде болады.
5. Белдемше. Былғары белдемшенің ұзындығы қысқа түрі емес, тізеден түсіп тұратын түрлері сәнге келді. Мұндай белдемшені әдемі топпен үйлестіру арқылы кештерге киюге болады. Сондай-ақ оны свитер, жемпір немесе ақ жейдемен күнделікті киім үлгісіне қолдануға болады.