Келесі сәнді маусымның басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Қазірден бастап сөмкелердің жаңа топтамасын дүкендерден таба аласыз. Кеңсеге, сабаққа және кештерге ұстауға болатын сәнді сөмкелер мен рюкзактарды ұсынамыз.
Күзгі сәнді трендтер арасында рюкзактар бастапқы орындардың бірін алып отыр. Рюкзактың былғарыдан, күдеріден және мақпал матадан жасалған түрлерін кездестіре аласыз. Шашағы бар рюкзактар да сәнге айналып отыр.
Егер сөмкенің сыйымды болғанын қаласаңыз, көлемі үлкен әрі әдемі безендірілген рюкзактар да таба аласыз.
Егер рюкзак емес, алайда сыйымды сөмке болғанын қаласаңыз, баулы-сөмкелерге мән беріңіз. Мұндай сөмкенің бейтарап түсін таңдасаңыз, жұмысқа да күнделікті серуенге де ұстап жүре аласыз.
Ерекше түсімен, пішінімен және декоративтік элементімен айқындалатын өзіндік сөмкелер бұрынғыша трендте десек қателеспейміз. Сондай бір сөмке алып қойсаңыз, сіздің кез келген стиліңізге екпін бере алады.
Дизайнерлер сәнқой бойжеткендерімізді кештерге арналған әдемі сөмкелерімен қуантуда. Соның ішінде алтын түстес шағын сөмкелер мен барқыт сөмкелер кең танымалдылыққа ие. Шашағы бар киімдер мен аяқ киімдер жазғы сәннің басты тренді екенін айтып өткен болатынбыз. Бұл декор енді сөмкелерге де жетіп, күзде де сұранысын жоғалтатын емес.