Сулық – жаңбыр кезінде таптырмайтын киім. Соған қарамастан оны көбіне ашық базарларда тұратындар ғана пайдаланады. Ал өзге жұртшылық, әсіресе кеңседе жұмыс істейтін жандар сулыққа мән бермейді. Бекер-ақ. Себебі сулық қолшатыр, резеңке етік сияқты нөсер жаңбыр кезінде өте қажетті құрал десек болады. Ал кәдімгі плащтар жаңбырға төтеп бере алмайды.
Сулықтың бірнеше түрі бар. Полиэтиленнен жасалған түрі кез келген жерде сатылады. Өте ыңғайлы, алайда ұзақ пайдалана алмайсыз.
Ал полиамид пен нейлоннан тігілген түрі бірнеше жылға жетеді. Сондықтан жаңбыр жиі жауатын аймақтарда тұратындардың осы кеңеске құлақ асқандары жөн. Себебі сулық өте жеңіл, көктем мен күзде сөмкеге бүктеп салсаңыз, ол сізді аяқ асты пайда болған жаңбыр мен желден қорғайды.
Дизайнерлер кейінгі кездері сулықтың тек материалына ғана емес, пішіміне де мән беріп келеді. Биылғы маусымда консерваторларға арнап классикалық біртегіс түрін, ал жаңалықты жаны сүйетіндерге принтті немесе көп қалталысын, ілгек, түймелермен безендірілгендерін, т.б. шығарып отыр. Қай кезде де әсемдікті қалайтындар, мөлдір материалдан жасалғанын, ал сұлуынан ыңғайлысын ұнататындар әрине қалыңырағын таңдайтыны сөзсіз.
Сулықты қалай таңдау керек?
Біріншіден, басты жабатын күләпарасы барын алыңыз, мұндай кезде қолшатыр да қажет болмауы мүмкін әрі шашыңыздың сәні бұзылмайды.
Екіншіден, түймеден гөрі жапсырма шегесі бар түрі ыңғайлы, тез шешіледі.
Үшіншіден, тігісінің дұрыс, сапалы тігілгеніне мән беріңіз, сөгіліп кетпесін.
Төртіншіден, шағын клатчқа да сыятындай жеңіл болуға тиіс.
Аспандарыңыз ашық, күндеріңіз нұрлы болсын!