- Негізгі бет
- Сән
- Күзгі сән-2015. Резеңке...
Күзгі сән-2015. Резеңке етік
Күзге тән табиғи құбылыстардың бірі – жаңбырдың жиі жаууы. Сондықтан, гардеробымызда жаңбырдан қорғайтын киімдердің болғаны абзал. Мысалы, резеңке етік.
Резеңке етікті Оңтүстік Америка тұрғындары ойлап тапты. Кейінірек I герцог Веллингтонның арқасында алғаш сәнқойлардың назарына ілікті (резеңке етікті кейде Wellington деп атайды). Ал қазір ол сәнді киімдердің біріне айналып, must have-қа (гардеробта болуы міндетті киім үлгісі) кіріп отыр.
Резеңке етікті қалай таңдау керек?
Біріншіден, дүкеннен резеңке етіктің сапа куәлігін талап етіңіз. Сапалы резеңке етік каучуктан немесе ПВХ-дан (полихлорвинил) жасалады.
Каучук киюге ыңғайлы, жеңілірек болып келсе, ПВХ материалы безендіруге оңай болғандықтан пайдаланылады. Арзан материалдан жасалған сапасыз етіктер де кездесуі мүмкін.
Екіншіден, мұндай етікті сатып алар алдында гардеробыңыздағы киімдерді қарап шығыңыз. Гүлді немесе өзге де принтті етікті бір түсті киімдермен киген жөн. Ашық түсті етік кисеңіз, ауа райы қандай болса да, көңіл күйіңіз әрқашан жақсы болады.
Үшіншіден, резеңке етіктің ішінде табиғи материалдан тоқылған шұлық болуы тиіс. Себебі, синтетикалы шұлық аяқты иістендіріп жібереді әрі денсаулыққа зиян.
Резеңке етікті немен үйлестіреміз?
Күз бен көктемде көбірек киілетін парка, тренчкот, сулық, қиғаш жабылатын күрте резеңке етікпен әсем ансамбль құрайды.
Кейбір бойжеткендер резеңке етікпен міндетті түрде резеңке сөмке ұстау керек деп ойлайды, бұл − кеңес дәуірінен қалған қате түсінік. Сондықтан, сөмке, қолғап, шарф секілді аксессуарларды үстіңізге киетін киімге лайықтап таңдаңыз.
Резеңке етікті ұзын свитер, скинни шалбармен не леггинспен, сондай-ақ, қысқа белдемшемен киюге болады.
Алайда мұндай етік ауа кіргізбейтіндіктен, оны 3–4 сағаттан артық киіп жүру денсаулыққа зиян. Оның үстіне офисте тек іскери образ ғана жарасымды екенін есте ұстағаныңыз жөн. Сондықтан, жаңбыр тоқтаған кезде не ғимаратқа кіргенде киетін басқа аяқ киіміңіз дайын тұруы керек.
Ф. Абилова