Челси аяқ киімі әу баста ерлерге арнап тігілген еді. Қазір бұл бәтеңкені қыз-келіншектер де кие алады. Челси – төзімді әрі жайлы аяқ киім.
Челси бәтеңкесінің бауы жоқ. Олардың орнына екі жағынан резеңке тігілген. Сондықтан, аяқ киімді киіп-шешу уақыт алмайды. Әрі бұл тек ыңғайлы аяқ киім емес, нағыз трендтегі бәтеңке.
Көптеген адам челсиды қандай киіммен үйлестіру керектігін білмей жатады. Назарларыңызға үш әдемі лукты (киім үлгісі) ұсынамыз.
Челси мен көйлек
Кеше ғана ерлер гардеробының элементі болған челси аяқ киімін әлем сәнқойлары қазір көйлекпен де киіп жүр. Жеңіл көйлек, етегі кеңдеу келетін сарафанды челси бәтеңкесімен киюіңізге болады.
Челси мен джинс шалбары
Джинс не кәдімгі шалбар челси бәтеңкесімен тамаша үйлесімін табады. Алайда, шалбарыңыз тіке келетін не төмен қарай тар етіп тігілген болуы керек. Ұзындау келетін шалбардың балағын қайырып киіңіз. Нәтижесінде, шалбар мен челси арасында ашық орын қалуы керек. Ал классикалық шалбар керісінше, бәтеңкеңізді жауып тұруы керек.
Челси және белдемше
Белдемшенің пішіні әртүрлі болуы мүмкін. Қысқалау келетін белдемшені челси бәтеңкесімен кисеңіз болады. Себебі, ерлерше келген аяқ киім қысқа киімнің «түрін» жұмсартады.
Қарындаш белдемшесін де челсимен кие аласыз. Онымен қатар портфель-сөмкесін ұстап, офистік образ жасауыңызға болады.
Ұзын белдемше де бәтеңкемен әбден жарасымды көрінеді. Әрине, мұндай образды көрікті, нәзік деп атау қиын. Алайда ол күз маусымында орынды болатыны сөзсіз.
Ал сізге челси бәтеңкесі ұнай ма?