Кейбір жандар сәнмен киінуге еш ақылдың қажеті жоқ деп ойлайды. Алайда сән индустриясы - үлкен ғылым. Себебі бұл адамның талғамы, қоғамның өзі туралы көзқарасын қалыптастыратын қаруы әрі үлкен бизнестің көзі.
Сонымен бірге сән − адамзаттың тарихы. Өйткені барлық сән үлгісін қарап отырып, оның қай ғасырдың жемісі екенін білуге болады.
Балауыз күртенің де өз тарихы бар. 1870 жылы шотланд фермерінің ұлы Джон Барбур жұмысшыларға, теңізшілер мен балықшыларға арналған су өткізбейтін күрте тіккен еді. Мақта матасына балауыз сіңдірілгендіктен суды да, желді де өткізбейтін күрте тез сұранысқа ие болды. Тіпті британ королінің отбасы да аң аулау үшін өте қажетті киім екенін түсінді.
Бұл дәстүр, яғни, корольдердің отбасында балауыз күртені кию күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Балауыз күртеге тән белгілер:
- ішкі, сыртқы үлкен қалталар;
- түймелері тот баспайтын жезден соғылады;
- сыдырмасы үлкен, мықты материалдан жасалады.
Кезінде жұмысшылырған арнап тігілгенмен Барбур күртесі преппи стиліне жатады. Сондықтан Барбур күртесін жастар да, кәрілер де, жұмысшылар да, кеңседегі қызметкерлер де, әйелдер де, ерлер де киеді. Мысалы, beafort жасыл күртешесі талғамы жоғары әйелдер қауымы мен жастарға лайық. Ал тізеге дейін жететін Барбурды жылы киінгенді қалайтындар сатып алады. Bedale деп аталатын қысқа түрлері атқа мінуге немесе темір тұлпарды ұршықша үйіруге өте қолайлы. Дәл осы модель балаларға да арнап шығарылады.
Сондай-ақ құрамында жүн матасы бар өте қалың түрлері аңшылардың, балықшылардың сүйікті киімі.
Барбур күртесі ешқашан сәннен шықпайды. Тіпті оның уақыт өте келе тозып, әр жерінің қырқылып, жыртыла бастағаны да да сәнді болып есептеледі. Сол себепті осы күртені алып қойсаңыз, ұзақ уақыт киетініңіз хақ.