Күз - жылы кезеңнен суық маусымға ауысатын мерзім болғандықтан, жеңіл де, қалың да аяқ киім қажет болады. Егер қыркүйекте жазғы аяқ киіммен жүре беруге болса, қазан, қараша айларында жабық аяқ киімімізді сөреден алып шығамыз.
Жыл сайын біз әр маусымның аяқ киім трендін ұсынамыз. Биыл да бұл мәселеде жаңалығымыз бар. Биыл трендке бірнеше аяқ киім кіретіндіктен, өзіңізге ыңғайлысын таңдап алуға мүмкіндігіңіз бар.
Ботфорт
Бұл аяқ киім үлгісі сән әлеміне алғаш шыққаннан бері ара-тұра подиумға оралып отырды. Ал соңғы жылдары өз беделдігін мүлде жоғалпады. Биыл да ботфорт сәнді аяқ киімнің біріне жатады.
Аласа өкшелі ұзын етік
Бұл аяқ киім ерлер стилінде тігілген. Өжет, батыл қыздарымыз ботфорттан гөрі аяқ киімнің осы түрін көбірек ұнатары сөзсіз. Әрі жылы, әрі сәнді аяқ киімнің бұл түрі күдері, былғарыдан болғаны жақсы. Ал милитари стилін ұнататын арулар бастан-аяқ бауы бар етікті таңдауына болады.
Ботильон
Қонышы кеңдеу тұратын ботильонды былтыр көптеген қыз тастамай киді. Ботильон қысқа етіктің түріне жататындықтан, аяққа өте жайлы. Онымен джинс шалбары, кең етек шалбар, көйлек, белдемше де үйлесе береді. Ал биіктеу келетін өкшесі кез келген аруды бойшаң, сымбатты етері сөзсіз.
Кантри етігі
Ковбой стиліндегі бұл етік бірнеше жыл бойы сән подиумында салтанат құрып келеді. Кэжуал, смарт кэжуал, стрит стайл стильдерімен үйлесе беретіндіктен, кез келген гардеробтан табылуы керек.
Сонымен қатар аяқ киімнің принті, не жамауы болуы мүмкін. Бұл да 2015 жылдың күз маусымына тән тренд. Hand made стилінде моншақ, бисер, пайеткамен безендіруге де болады.
Ал түске келетін болсақ, қара, көк, күлгін, қоңыр және сұр түстерін таңдауыңызға болады.