Күздің басты трендтері

Күз мезгілі ортасына жетті. Алайда осыған дейінгі жылы ауа-райы жеңіл, жаздық киімдерді киюге мүмкіндік берсе, қазірде еліміздің ең жылы деген қалаларына да суық түсіп, ауа-райы бұзылуда. Күздік гардеробыңызды әлі де жаңартпасаңыз, мына тізімді қарап, күзде әр қызда болуға тиісті қажет заттарды алып қойыңыз.

Трендтерден бастайық. Соңғы кезде жыртқыштар принттерімен әшекейленген киім түрлері үлкен сұранысқа ие болды. Киім, аяқ киім, сөмке мен акссесуарлардың бәрі жасанды жыртқыштар терісінен тігілетін болды. Бұндай тренд әр бейнеге ерекшелік қосып, оны түрлендіре түседі. Бастысы - бейнеде бұл трендті орынды қолдана білу.

Жалпақ табанды слипер аяқ киімі күнделікті бейнелер үшін мінсіз нұсқа. Аяқ киімнің осындай әмбебап түрі кеңселік шалбар мен белдемшелермен де, джинсы мен көйлекпен де жараса кетеді. Ал ыңғайлы өкшесіз табаны бұл аяқ киімді сүйікті күзгі туфлиіңізге айналдырады. 

Жылы, ыңғайлы, жайлы әрі өте стильді. Күзде бұл сипаттамалардың бәріне парка күртешесі келеді. Әмбебап сыртқы киім жаңбырлы күндерде таптырмас зат болады. Қазірде парка күртешелерінде алынып-салынатын астыңғы қалың қабаты болады, бұл ауыспалы ауа-райы кезінде сізге бірнеше күртеше алу қажеттілігінен босатады. 

Әр арудың гардеробында кемінде бір жақсы классикалық пальто болуы керек. Дұрыс таңдалған пальтоны қатарынан бірнеше жыл кие беруге болады, ол сәннен еш уақыт шықпайды. Пальто ресми стильді киімдермен, салтанатты көйлектермен жарасады, сонымен қатар "көшелік стильмен" де үйлесе алады.

Күзде сұр, қара, күңгірт түсті киімдер гардеробымызда көбейіп кетеді. Бұл кезде көңіл онсыз да түсіп кетпеу үшін жарқын түсті киім кешек алудан ұялмаңыз. Мысалы сары не қызыл орамал, сөмке не аяқ киім киімнің барлығына жараспаса да, өзіндік ерекшелік беріп тұрады.

Жылы жемпір күзде таптырмас киім. Жұқа жейделер мен футболкаларды ұмытып, күзге бірнеше жылы, қалың жемпір алып қойыңыз. Табиғи жүннен тоқылған жемпір алған дұрыс, ол ұзақ уақыт пішінін cақтап, жылуды жақсы сақтайды.

Тор принті маусымның кезекті тренді. Осы күзде бұл трендті барынша қолдануға болады, бастысы киім денеңізде жақсы отыру керек, себебі күрделі суреті бар киім сізге тар не үлкен болса, ол бірден байқалып тұрады.

Жұмсақ пастель түстері күзде жиі қолданылатын қара, қоңыр, сұр түстермен жақсы жарасады. Нәзік қызғылт, ашық жасыл, сарғылт-қоңыр түстер бейнеңізді жұмсартып тұрады.

Көлемді аксессуарлар, таспен көмкерілген киім, металл түйрегіш әшекей бұйымдары күздік бейнеге сай болады.

 

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: thechrisellefactor.com, lusia-ummmm.livejournal.com