Күздік базарлық

Күзде қандай киімді міндетті түрде алу керек? Оларды қалай таңдау керек?

Пальто

Күз және көктем айларында пальто үстіңізден бірнеше айлап түспейді. Сондықтан пальтоны сапасына мән беріп, үнемдемей таңдаған жөн. Осы маусымда сәндегі пальтоларды үш топқа бөлсе болады. 
Ерекше матадан тігілген пальтолар. Қалың тоқыма мен сырма маталардың, былғары мен тонның үйлесімдері. Ерекше әшекейі бар пальто түрлері. Тастармен әшекейленген пальто түрлері осы маусымда нағыз тренд. 50 жылдардағы сәнге сай принттер қайта сәнге кірді. Түсті, сурет салынған пальтолар осы жолы көп дизайнерлердің топтамаларында болды.

Етік

Осы маусымда ат спортымен шұғылдануға арналғандай тігілген етіктер өте сәнді болмақ. Бұндай түрі танымал дизайнерлердің топтамаларынан көрініс алды. Лакталған былғары, былғары мен күдерінің, ақ пен қара былғарының қосындысы - міне, нағыз тренд. Бұндай етікті тар джинсымен кисеңіз, аяғыңыз көзге ұзынырақ көрініп, пішіні де дұрысталады. Осы маусымда бұл етіктердің екі түрі ерекше танымал болады: тегіс, байлаусыз және артынан бауы бар түрлері.

Тоқыма киім

Күз-қыс маусымында тоңбаймын десеңіз, тоқыма киімдеріне ерекше көңіл бөліңіздер. Тоқыма киімдерін күнделікті деп қабылдап жүрсеңіз, сән дизайнерлерінің бұл маусымда трикотаждан тіккен киім үлгілерін қарауларыңызға кеңес береміз. Бірнеше қабатты, былғары жапсырмалары бар, тастармен әшекейленген түрлері де бар. Тоқыманың түрлі әдістерін қолдану арқылы, күнделікті киім ерекше әсем көріне алады.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: cosmo.kz