- Негізгі бет
- Сән
- Күзде сәнде болатын...
Күзде сәнде болатын сырт киімдер
Суық күндерге қажетті киімдеріңізді қазірден бастап дайындаңыз. Егер гардеробтағы киімдеріңізді жаңарту жоспарыңызда болса, сәнді тенденцияларды зерттеуден бастаңыз. Күзде сәнде болатын сыртқы киімдерде әдемілік пен ыңғайлылық үйлестірілген.
Торлы пальто
Күз-қыс маусымының сәнді трендтерінің қатарында торлы принт бар. Бұл тренд, әсіресе, сырт киімдерге таралады. Торлы пальто кез келген әйелдің киім үлгісін толықтыра алады. Оны бәтеңкелермен де, өкшесі биік етіктермен де киюге болады.
Эко былғарыдан тігілген плащ немесе күртке
Былғарыдан тігілген сырт киімді күнделікті киім үлгілеріне үйлестіру оңай. Сондай-ақ олар кешкі үлгілерге де келеді. Плащтың немесе күрткенің табиғи немесе эко былғарыдан тігілген түрін алуға болады. Былғары күрткенің пиджакқа ұқсайтын түріне мән беріңіз.
Бомбер
Бомбер — спорттық стильдегі күртке. Заманауи сән бомберді коктейльді көйлектермен, шалбарлармен және жеңіл белдемшелермен үйлестіруді ұсынып отыр. Мұндай спорттық күрткенің түрлі түстегі және принттегі түрлері кездеседі. Сондықтан әркім өзіне ұнайтынын таба алады.
Макси ұзындықтағы пальто
Алдағы күзде макси ұзындықтағы пальтолар сәнде болады. Мұндай пальтолар ыңғайлы, жылы және стильді көрінеді. Оны спорттық киімдермен де, кешкі үлгідегі киімдермен де киіп жүре бере аласыз.
Күртке
Күрткені бұрын тек спорттық киімдермен немесе кэжуал стиліндегі киімдермен киетінбіз, енді дизайнерлер оны кештерге немесе мерекелерге арналған киімдермен де үйлестіруді ұсынып отыр. Заманауи күрткелердің үлгілерінде қанық реңктер мен түрлі принттер көп кездеседі. Сән көрсетілімдерінен көрпеге ұқсайтын ұзын күрткелер де жиі кездесті.
Дубленка
Оның ұзын түрлері де, авиатор-дубленкалар да сәнде болады. Дизайнерлер сән көрсетілімдерінде оның әртүрлі түстерін ұсынды: сарғыш, қара, ақ, көгілдір, қоңыр.
А. Жапатова