Киім үлгісін ерекше етуге аксессуарлар көмектесе алады. Күзгі стильді аутфитті бас киімсіз елестету қиын. Ол шашты жел мен жаңбырдан қорғап қана қоймай, киім үлгісін жақсы аяқтауға көмектеседі. Бұл маусымда қандай бас киімдерге мән берген жөн?
Бейсболка
Мусымнан маусымға классикалық бейсболкалар одан әрі өзекті болып келеді. Себебі бұл бас киім түрі жазғы жеңіл көйлектермен де, күзгі базалық пальтолармен де жақсы жараса кетеді. Бұл маусымда базалық біртүсті кепкалар сәнде болады: қою көк, сарғыш, қою жасыл.
Берет
2015 жылы Gucci сән көрсетілімінде модельдер берет киіп шыққаннан кейін ол қайтадан сәнге оралды. Берет көп киіммен үйлесе бермейді, бірақ күз мезгіліне оның біреуін алып қойған артық етпейді. Себебі ол сіздің нәзіктігіңізді және романтикалық көңіл күйіңізді айқындай алады.
Жібек орамал
Жібек орамалды толыққанды бас киім деп атау қиын, бірақ стилистер осы күзде оны басқа арналған аксессуар ретінде қолдануды ұсынып отыр. Жібек орамалмен жасалынған киім үлгілері нәзік әрі стильді көрінеді. Бұл маусымда оның біртүсті түрлері де, бренд логотиптері немесе өрнектері бар түрлері де сәнде болмақ. Оны классикалық пиджак, былғары күртке немесе джинс күрткесімен үйлестіре аласыз.
Клош
Қоңырау пішініне ұқсайтын қалпақ 1920 жылы француз модисткасы (қалпақ тігуші) Каролин Ребудің арқасында пайда болды. Содан бері клош-қалпақ подиумға бір оралып, антитрендтер қатарына бір кіріп жүрді. Бұл күзде оның сәл түрі өзгерген түрі сәнге келді. Оның біртүсті үлгілері де, торлы принті бар ашық түсті түрлері де трендте болмақ. Ол оверсайз былғары күрткелермен және кең тұратын пальтолармен стильді көрінеді.
Ара бағушы қалпағы
Бұл күздің ең ерекше трендінің бірі — ара бағушы қалпағына ұқсайтын бас киім. Бұл бас киім түрі екі бөліктен тұрады: біреуі басты жауып тұрса, екіншісі беттің бір бөлігі мен мойынды жабады.
Кең жиекті қалпақ
Кең жиекті қалпақ бірнеше жыл қатарынан өз өзектілігін жоғалтпай келеді. Бұл бас киім түрі күзде жаңбыр маусымында ерекше сұранысқа ие. Бұрын оны тек классикалық киімдермен үйлестірсе, қазір стилистер тәжірибе жасаудан қорықпауға шақырады. Мысалы, қалпақты оверсайсз худимен киіп көріңіз.
Жылы панама
Соңғы жылдары панама трендті аксессуарлардың біріне айналды. Жазда оның жұқа, жеңіл түрлерін кидік. Ал күзде оның жылы және қалың түрін таңдаған орынды. Мысалы, қой терісі, былғары тері немесе жұқа жүннен тігілген түрлеріне мән беріңіз.