Күзде сабаққа не киеміз: Студент қыздарға идея

Күзде сабаққа не киеміз: Студент қыздарға идея
Фото: ru.pinterest.com

Мектепте күнде киім үлгілерін ойластырудың қажеттілігі болмайтын, себебі күнде киетін мектеп формаңыз дайын тұрады. Ал студент атанған соң киім үлгісіне еркіндік береді. Киім ыңғайлы ғана болып қоймай, әдемі, стильді болғаны да жақсы. Киім арқылы өз ерекшелігіңізді айқындай аласыз. Егер киім үлгілерін құруды енді үйреніп жатқан болсаңыз, сізге бірнеше идея ұсынамыз.

Мектеп оқушысы стилі

Мектепте киген киімдеріңізді тастауға асықпаңыз. Оларды әлі де пайдаға асыра аласыз. Мысалы, мектеп оқушысы стилінде киінуге болады. Ол үшін мектепте киген белдемше мен жейдеңізді киіп, сыртынан тоқылған жеңі жоқ жилет киіп алуға болады. Мұндай киім үлгісімен кішкентай қыздарға ұқсап қаламын деп ойламаңыз, қазір бұл стильде киінген атақты сәнқой қыздарды жиі кездестіруге болады. Бастысы, өзіңізге жарасып тұрса және өзіңізді ыңғайлы сезінсеңіз болғаны.

Ақ шалбар

Ақ шалбарды жазғы киімдермен бірге салып тастамаңыз. Онымен күзде де стильді киім үлгілерін жасауға болады. Жүріс көп күні оны ақ кроссовкамен үйлестіріңіз. Биік өкшемен жүріп үйренген болсаңыз, оны сәл өкшесі бар және қонышы қысқа етіктермен де кие аласыз. Сондай-ақ күзге ақ бәтеңке немесе етік алған артық етпейді. Соңғы жылдары ақ етіктер трендке айналды. Ол көптеген киімдермен оңай үйлеседі.

Джинс шалбары

Әрине, студенттердің сүйікті киімдерінің бірі — джинс шалбары. Джинс шалбарымен де әдемі және стильді киім үлгілерін жасауға болады. Егер оны пиджакпен кисеңіз, ресми киім үлгісін аласыз. Мысалы, суреттегідей, қара топ немесе водолазканың сыртынан қара пиджак киіп, оны джинспен үйлестіріңіз. Сондай-ақ, кэжуал стилінде джинсті свитерлермен киюге болады.

Шалбарлы костюм

Бұл тізімге шалбарлы костюмді қоспау мүмкін емес. Оқуға міндетті түрде бір сапалы шалбарлы костюм керек болады. Шалбар мен костюмін бірге және оларды бөлек-бөлек кию арқылы көптеген киім үлгілерін шығаруға болады. Оған қоса, шалбарлы костюмдер — осы жылдың ең трендті киімдерінің бірі.

Күзгі түстер

Әр маусымның өзіне сай түстері бар. Сол секілді күздің жылы түстері жайлы да ұмытпаңыз. Мысалы, қоңыр, қанық жасыл, қою қызыл түстер күз мезгілін сезіндіреді. Осы түстердегі киімдердің өзекті үлгілерін таңдаңыз.

Толстовка

Толстовканы тек спорттық киімдермен кию міндетті емес. Мысалы, оны пиджактың ішінен кие аласыз. Сондай-ақ, оны тек шалбар немесе трикомен ғана емес, белдемшемен де әдемі үйлестіруге болады. Оны басқа киімдермен оңай үйлестіру үшін толстовканың алдында суреті жоқ түрін және базалық түсін таңдаған дұрыс.

А. Жапатова