Көпшілік ашық түстерді жаз мезгіліне сай деп санайды. Алайда, күзде киім үлгіңізге ашық реңктерді қосу арқылы өзіңіздің де, басқалардың да көңіл күйін көтере аласыз. Сізге киім үлгісін құру оңай болу үшін бірнеше кеңес ұсынамыз.
Трикотаж
Күзгі гардеробты трикотажсыз елестету мүмкін емес. Барлық нәзік жандылардың гардеробында сұр және сарғыш трикотаж киім бар. Оның кез келген киіммен жараса кететіні рас. Бірақ ашық түсті трикотаж жемпір алған да артық етпейді. Мысалы, фуксия, сары, жасыл жемпірлерге мән беріңіз.
Аксессуар
Күзде ашық түстерді киюдің бір әдісі — акссессуарлар қолдану. Мысалы, үстіңіздегі киімдер сұр, қара түстерде болса да, бір ашық жасыл сөмкенің өзі киім үлгісін ерекше етеді.
Аяқ киім
Күнделіктіге киетін қара аяқ киіміңізден бөлек қызыл немесе ақ етік алсаңыз, ол бейтарап түсті сыртқы киіміңізді керемет толықтырады.
Сырт киім
Ашық түсті екпін рөлін өзіне сырт киім де ала алады. Сырт киімнің бейтарап түсте болуы міндетті емес. Мысалы: жасыл пальто немесе басқа ашық түстегі бомбер. Сондай-ақ түрлі түсті тондар да әлі сәнде.
Тотал-лук
Бұл ең батыл қыздарға арналған әдіс. Бұл мерзімде бастан аяқ бір түсте киіну стильді әрі сәнді саналады.