Күзде қандай пиджактар сәнде болады?

Заманауи гардеробта пиджак — тек классикалық немесе қатаң кеңсе стиліне жататын киім түрі емес. Қазір пиджактарды классикалық шалбар немесе белдемшелермен, сондай-ақ джинс шалбарлармен, романтикалық көйлектермен немесе трикотаж спорттық киімдермен киеміз. Сондықтан жаңа маусымда бір пиджак алған артық болмайды. Ол үшін алдымен оның қандай үлгілері өзекті екенін біліп алыңыз.

Минимализм стиліндегі классикалық пиджак

Заманауи жинақы классика бұрынғыша басты трендтер қатарында. Егер сізге гардеробыңыздағы киімдердің көпішілігімен үйлестіруге келетін әмбебап пиджак керек болса, минимализм стиліндегі классикалық пиджакты таңдаңыз. Ол басқа киімдермен оңай үйлесу үшін оның классикалық түстегі және артық элементтері жоқ түріне мән беріңіз.

Оверсайз

Заманауи оверсайз пиджактардың иықтары үлкен, жеңдері ұзын болып тұрады. Жалпы пішімі де кең болады. Мұндай киіммен көп қабатты киім үлгілерін жасау оңай.

Иыққа екпін қою

Егер пиджакты өзектіге айналдыратын детальдар жайлы айтатын болсақ, иыққа берілетін акцент жайлы айтпау мүмкін емес. Мұндай пиджактар 1980-жылдар сәнін еске түсіреді.

Асимметриялық пиджак

Соңғы сәнді пиджактар қатарынан асимметриялық пішімдегі түрлері де кездеседі. Оның қаусырмалы түрлері ерекше көрінеді.

Винтаж стилі

Дүкендерден винтаж стиліндегі көптеген пиджактар көрген боларсыз?! Бұл мерзімде қандай да бір нақты уақыт аралығына шектеу жоқ. 1940-жылдан бастап 1980-жылдарға дейінгі сәнді еске түсіретін үлгілердің бәрі өзекті болмақ.

Шашақ пен қауырсын

Егер ерекше декор қаласаңыз, шашақ пен жеңіл қауырсынға мән беріңіз. Мұндай детальдары бар пиджактар кештерге киюге жақсы келеді.

Жібек пен барқыт

Пиджак тігуге арналған дәстүрлі материалдардан басқа дизайнерлер осы маусымда гардеробқа салтанаттылық қосуды ұсынуда. Бұл мақсатта олар жібектен немесе барқыттан тігілген пиджактар алуға кеңес береді. Олардың күнделіктіге де, кештерге де арналған түрін табуға болады.

Қысқа пиджак

Жаздың басты трендтерінің бірі — қысқа пиджактар болды. Тіпті, кей қыздар өздерінің ескі пиджактарын үйден қиып, оны стильді киімге айналдырды. Мұндай пиджак күзде де өз өзектілігін жоғалтпайды. Қысқа пиджактар белі жоғары тұратын белдемше және шалбарлармен жақсы үйлеседі.