Күз-қыс топтамасы: сыртқы киімдер

Күз-қыс топтамасы: сыртқы киімдер
Фото: pinterest.com

Қыздар жылдың кез келген мерзімінде әдемі киінгенді ұнатады. Сондықтан, суық уақыт стильді киімнен бас тартуға себеп емес. Суық мерзімде қара киімдер киетін кезең артта қалып барады. Қазір дизайнерлер түрлі түсті киімдерге көбірек көңіл бөлуде. Сән көрсетілімдерінде жиі кездескен күзге және жылы қысқа киюге келетін сыртқы киімдерді ұсынамыз.

Қара былғары плащ

2018-2019 жылғы топтаманың сәнді плащтарының бірі – былғары плащтар. Биыл сәнде болатын плащтар тренчке көбірек ұқсайды. Оның қара түсті түрі көп тараған. Сонымен қатар, қою қызыл мен ақ түсті түрлері де кездеседі. Жаңа мерзімде оның жасанды былғарыдан жасалған түрлерін кию ұсынылуда.

Тон

Осы мерзімде қой терісінен жасалған тондар ерекше танымалдылыққа ие. Бірақ, бұл сыртқы киімнің түрлері көп. Олардың 90-жылдардағы секілді "ерлер" тоны және нәзік үлгілері де кездеседі. Қара тонды былғары киімдермен жақсы үйлесім табады. Бірақ, тонды миди ұзындықтағы белдемшемен кию арқылы нәзік киім үлгісін жасауға болады.

Торлы пальто

Жаңа мерзімнің маңызды трендтерінің бірі – торлы пальто. Торлы принт әйел гардеробынан жиі кездеседі. Әр адамда, жоқ дегенде, торлы шарф болады. Енді кезек пальтоға келді. Қазіргі кезде тордың подиумнан жиі кездесетіндігі соншалықты, оны айтпай кету мүмкін емес. Торлы пальто кез келген жастағы әйелге жараса береді.

Винил плащ

Винил немесе лакталған плащтың ашық қызыл түстен өткір қара түске дейінгі түрлері кездеседі. Ерекше көзге түсетіні – күміс және алтын түсті лакталған плащтар. Оның ұзындығы әртүрлі болады: қысқа тренч немесе еденге дейін жететін ұзын плащ. 2018 жылы дизайнерлер детальдің аз болуына және материалдың салтанаттылығына мән берген.

Күміс түсті сыртқы киімдер

2018-2019 жылғы топтамада күміс түс сыртқы киімдер қатарында жиі кездеседі. Ол күміс түсті плащ, күрте немесе бомбер болуы мүмкін. Ол кез келген киіммен жақсы үйлесім табады.

Жасанды ішік

Сәнге енген тағы бір айқын тренд – жасанды теріден тігілген киімдер. Экотеріден жасалған ішіктердің бағасы қолжетімді, жеңіл, шағын және күтімі оңай болып келеді. 2018-2019 жылдары ашық түсті жасанды теріден жасалған ішіктер сәнде болады.

А. Жапатова