Сән апталықтарының бет әрлеушілері күз-қыс мерзімінде қандай макияж сәнде болатынын көрсетті. Сізге подиумнан жүріп өткен модельдердің макияждары бір қарағанда біртүрлі көрінуі мүмкін. Алайда, сондай макияж түрлері трендте болады екен деп дәл солай қайталаудың қажеті жоқ. Барлық сән көрсетілімдерін бір қарап шығып, солардың ішінде жиі қайталанған макияж түрін немесе қандай да бір детальді ескеру керек. Егер ол сізге де жарасады деп ойласаңыз, міндетті түрде байқап көріңіз. Ал біз күз-қыс мерзімінде трендке айналуы мүмкін макияждағы басты детальдарды ұсынамыз.
60-жылдар макияжына оралу
Күзде 60-жылдардың иконасына айналған Твиггидің бейнесін қайталауға болады. Бет әрлеушілер әлі де Твиггидің түрінен шабыт алатыны көрініп тұр. Себебі олар модельдердің көзін қара қарындашпен бояп, астыңғы кірпіктерін ұзын әрі қалың етіп тушьпен бояған. Егер көзіңізді қара қарындашпен бояғыңыз келмесе, астыңғы кірпігіңізге тушьті аямай жағу арқылы 60-жылдардың макияжын жасауға болады.
Майда моншақпен безендіру
Мерекелік кешке барарда қабағыңызға жылтыр себуге болады. Алайда, блогерлер мен сәнқой қыздардан байқаған болсаңыз, олар жылтыр теньдер мен майда моншақтарды күнделікті макияжға да қолдана береді. Сондықтан өзіңізді мұндай макияжбен жақсы сезінсеңіз, оны күнделікті макияжға да пайдалануыңызға болады. Тек жылтыр теньдердің сапалы түріне мән беріңіз. Сол кезде ол көзде әдемі көрінеді және оңай жағылады. Бет әрлеушілер мұндай жылтырдың алқызыл және күлгін түстерін ұсынды. Сонымен қатар, көзіңізге түрлі түсті стрелка салып, оның үстіне майда моншақ қойып шығуға болады. Қазір бірнеше майда моншақты минимализм стилінде көздің жанына немесе бетке де жабыстыру сәнге айналды.
Көз айналасын ерекше сызу
Геометрияны кез келген нәрседен байқауға болады. Ол сәнді де жаулап алған. Геометрияны киім, аяқ киім және тырнақ дизайнынан да көресіз. Әрине, оның макияжда да өз орны бар. Ерекше геометриялық стрелкалар сәнге келді. Ол қисық стрелка, екі стрелка немесе түрлі түсті стрелка түрінде болуы мүмкін.
Бетке арналған далапқа хайлайтер қосу
Бетке арналған далапты (румяна) артық жағып жібергеннен гөрі оның жетпей тұрғаны жақсы. Бет әрлеушілер бетке арналған далапты хайлайтермен араластыруды ұсынды. Мысалы, егер бетіңізді әлсіз алқызыл етіп бояғыңыз келсе, үлкендеу бояу жаққышпен аздап бет далабын алып, оған аздап хайлайтер қосыңыз. Сол кезде бетіңіз бірден жарқырай түседі.
Жидек реңді ерін далабын таңдау
Бұл мерзімде жидектер түсті ерін далаптары сәнде болады. Ол таңқурай, құлпынай, қара бүлдірген реңктері болуы мүмкін. Сонымен қатар, бет әрлеушілер бірнеше реңкті ерін далаптарын қосу арқылы тәжірибе жасауды ұсынады. Мысалы, еріннің ортасына қанық жидек реңді ерін далабын жағып, нюд түсті ерін далабымен үстінен бүкіл ерніңізді бояп көріңіз.