Күз-2016: күрте таңдау

Күз-2016: күрте таңдау
Фото: cosmo.ru

Суық түсе салысымен жылы киіммен қамдана қоймаған арулар дүкен аралап,  киімдерімен үйлесетін, ерекшеленіп тұратын күрте не пальто іздей бастайды. Көзге түскенді іліп алмаған жөн. Алдымен, бар киімдеріңізді бір қарап шыққан дұрыс. Сырт киім – бұл сыртынан бірнәрсе іліп алатын жейде не футболка емес. Ол сіз туралы айналадағыларға хабар беретін киім.

Күз-қыс топтамасындағы пальто, күртелер түрлі фасонда, түрлі түспен тігіледі. Түс демекші, қызыл түсті еліктірсе, ақшыл түс салмақты етіп көрсетеді, көк және сары түстер көңілді көтереді, ал милитари түсті күртелерді барлық киіммен киюге болады. 

Былғары күрте

Былғарыдан тігілген қара түсті күртелер күз-көктем маусымдарында кез келген арудың сәнін ашады. Былғары күртені күнделікті киіп жүруге джинсы жақсы үйлеседі.

Әсіресе, балағы тар скинни джинс шалбары мен ұзын футболканы ботильонмен кисе болады. оған қоса, гүлді принттері бар көйлекпен де әдемі үйлеседі.

Күрте

Арулар күз-қыс күртелерінен гөрі пальто кигенді жөн деп санайды, себебі тым әдемі көрсетеді дейді. Негізінен, пальтодан гөрі күрте жылырақ екенін ұмытпаған жөн. Күртелер арасында кеңінен тараған түрі «парка» деп аталады. Бұл – матадан тігілген, жағасы жүнмен көмкерілген күрте. Ақшыл, коңыр және қою көк түсін жиі кездестіруге болады.

Шалбармен де, джинс шалбармен де, көйлек, белдемшелермен де кие аласыз. Бастысы, мұндай күртені таңдар кезінде матаның құрамына назар аударыңыз: жүз пайыз мақтадан болғаны дұрыс, сатушыдан су тиген жағдайда формасын не түсін өзгертпейтініне кепілдік сұраңыз.

Ұзындық

Сырт киімнің ұзын-қысқалығына қарап, басқа киімдердің де ұзындығына мән беріңіз. Мысалы, ұзын күрте не пальто ұзын көйлек не белдемшемен үйлеспейді. Ал қысқа күрте кисеңіз, барлық киімдермен кие берсеңіз болады.

Түс

Суық кезде мейлінше бейтарап түсті таңдаған жөн: ақ не қара, сұр секілді. Егер ерекше болғыңыз келсе, бірыңғай түс таңдаңыз. Гүлді-гүлді киімдерді көктем-жаз мезгіліне сақтаңыз. 

Г. Берік