Жаздың ыстық күндері әлі де басылар емес, алайда жұмысқа, оқуға шығуға байланысты жазғы жұқа, түрлі-түсті көйлектерді кеңселік ресми киімге ауыстыруға тура келеді. Бейнеңізге ерекше сән қосу үшін әшекей бұйымдар қолданыңыз. Әшекей бұйымдардың сәнді трендтер мен күзгі киіммен үйлесімді түрлерімен таныс болыңыздар.
1. Шынжыр
Шынжырлы үлкен білезіктер мен сақиналар кеңселік ресми стильдегі киіммен де, кешке киетін түзу сәнді көйлектермен де бірдей жақсы жарасады. Бір қарағанда шыншырлы әшекей бұйымдар үлкен әрі тым батыл көрінеді, бірақ киіммен дұрыс үйлестіре білсеңіз, көпшіліктің арасынан ерекшеленетін боласыз. Қымбат алтын не күміс білезік іздемей-ақ, бижутерия дүкендерін аралап көріңіз. Шынжырына тастар, әріптер, басқа да әшекейлер ілінген түрлерін таба аласыз. Ал шынжырлы сақина тіпті осы маусымда ең сәнді тренд болады.
2. Түрлі-түсті тас
Түрлі-түсті тастармен көмкерілген әшекей бұйымдар бірден көзге түсіп, сізге ерекше сәнді келбет береді. Бижутерия дүкендерінен осындай сырғалар мен білезіктер, алқалардың арзан түрлерін таба аласыз. Ал асыл тастарға құмар арулар түрлі-түсті сапфир, изумруд, бирюза және басқа да түрлі тастармен әшекейленген бұйымдарды таға алады.
3. Хайуанаттар тақырыбы
Жануарлар келбетінде жасалынған әшекей бұйымдарды тек батыл қыздар кие алады. Әшекейдегі жануар сіздің мінезіңізді сипаттай алатындығын ұмытпаңыз. Бұндай әшекейлер сізді шығармашыл, ерекше, дара тұлға етіп көрсетеді.
4. Үлкен ассиметрия
Ерекше пішінді үлкен әшекей бұйымдар кешкі бейнеге де, күнделікті қарапайым киімге де сән қоса алады. Дұрыс үйлестіре алсаңыз, ұзын салтанатты көйлектер мен джинсы шалбарымен бірдей киетін әшекей бұйымдарыңыз пайда болады.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: collegefashion.ne