Кісені жаңа заманның аксессуары етсек қайтеді?

Қанша жерден ер адам әшекей бұйым тақпайды дегіміз келсе де, ертеден-ақ атақты батырларымыздың кісе, жүзік, білезік, сақина сияқты бұйымдар таққанын жоққа шығара алмаймыз. Заман талабына сай, бүгінгі дәуірдің өзінде ерлердің әшекей тағуы бар құбылыс. Тарих жалғастығы десек те, сән заңдылығы десек те, ер адамдардың әшекей тағу үрдісі қазаққа жат емес. Осыған орай, ер адам тағатын әшекей бұйымдарды таныстыруды бастаймыз.

Жігіттің негізгі атрибуттарының қатарында қамшы, тоқым, ат-әбзелі, пышақ және кесте белдік т.б. бұйымдар болған. Қамшы мен пышақ ер жігіттің абыройы мен әлеуметтік статусын көрсеткен. Сол үшін де оның сапалы болуы қадағаланған. Қамшы туралы деректерден хабарыңыз болса, оның күнделікті тұрмысқа арналған және салтанатты шараларға арналған түрлері бар екенін білетін боларсыз. Абыройлы ердің әрленіп дайындалған кісе белдігі мен кемер белбеуі болған.

Кісе

Өте бай саналатын қазақтың әшекей бұйымдар мұрасының бүгінде тек мұражайларда сақталатынының себебі неде дейтін боларсыз. Себебі «ер адам әшекей тақпайды» делінетін стереотипте болуы әбден мүмкін. Мұнда да мәселенің мән-жайын тарихтан білеміз. Мысалы «Кісі болар бала кісесінен белгілі» деген мақалдың қайдан шыққандығын, жалпы кісе дегеннің не екенін «Қазақ қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі» атты еңбегінде Зохре Ержанова анықтап өтеді: «Алтын-күміспен, жез үзбелермен безеп жасалған қалталы белбеу кісе деп аталады. Кісенің қын, қынап (пышақ, қанжар, қылыш салынады), қорамсақ (садақ оғы салынады), оқшантай (оқ-дәрі салынады), қандауыр (қан шығаратын үшкір пышақ), дәндәку (шақпақ тас, от тұтатуға арналған білте т.б. салынатын шағын қалта) тәрізді құрамдас бөлшектері болады. Кісенің осындай бөлшектерінен оның ертеде батырлардың, аңшылардың сапар шеккен жолаушылардың әмбебап бұйымы болғаны, ер адамдарға арналған бұйым екендігі көрінеді» - дейді. Ал К.К.Юдахиннің «Қырғыз-орыс сөздігі» еңбегінде "кісе" сөзінің мағынасын иран тілінен «әртүрлі қалта тағылған белбеу» деп береді.

Кісе тағу салттары

Қиыншылық көргенде. Бұрынғы тұрмыста кісені адамдар қиыншылық көргенде, тәңірге жалбарынғанда белден шешіп, мойнына салатын болған. Мұндай этномәдени дерек халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде ұшырасады:

Ақбоз атты шалғанда,
Мойнына кісе салғанда,
Баба түкті шашты абыз,
Сауап бата алғанда...

Қазаны естірткенде. Ертеде біреудің қазасын естіртуге барған адам да кісе белдікті белінен шешіп, мойнына салып алған. Сонымен, мойынға кісе салу басқа түскен ауыртпалықтың, қиыншылықтың белгісі болған. Ол тілімізде мойнына кісе (кісесін) салды, кісесі мойнында тәрізді фразеологизмдерде сақталып қалды.

Ал Ш.Жанәбіловтің «Қазақша мал атаулары» еңбегінде салтымызда кісені малға тағу әдеті де болғаны жазылған. Бураға шөгеріліп кеткен түйе бойына біткен төлін ағызып жібермесін деген ырыммен оның мойнына кісе салып қояды екен. Осындай төлін ағызып жіберетін түйеге көшіп-қонғанда, кіре тартқанда ешқандай ауыр жүк артпайды. Мұны кіселі түйе деп атаған екен.

ХIХ ғасырдан бастап қазақ халқының тұрмыс-салтының өзгеруіне байланысты кісеге қалта салмай, алтын-күміспен әшекейлеп жасайтын болды. Сондықтан оның байырғы мағынасы мен атқарған қызметі, ол туралы мәдени ақпараттар бірте-бірте көмескілене бастады. Тіліміздегі фразеологиялық сөз оралымдарының бір тобы құда болу салтына, той-мерекеде ойын-сауық ұйымдастырып, көңіл көтеруге байланысты болып келеді. Олардың біразы зергерлік атауларының ұйтқы болуынан пайда болған деседі.

  М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Құнанбаймен айтысып, тартысып өткен адам Базаралыны автор былай сипаттайды: «Базаралы үлкен кісесі бар күміс белдігін белінен шешті», ал бүгінгі жазушы Жәди Шәкеннің «Күміс кісе» әңгімесі былай басталады:

– Бұл кісенің қашан, қай жерде жасалғанын білмеймін, әйтеуір арғы заманның мұрасы екені рас. Қарашы, құйма күмісінің өрнегі мен ауырлығына! – Қарт осыны айтып тізерлей тұрып кереге басындағы кісені еппен алып, сүйекті саусақтарымен аялай сипады. Төрт елідей жалпақ, мол күміс өрнекті көне кісе қолымды майыстырып, білегімнің қарымын талдырып барады.

Қазақтың энциклопедиялық анықтамалығында «Кісе – күміс, жез үзбелермен безендіріп, қалташалар салынған жалпақ былғары белбеу. Кісе екі қабат етіліп тігіледі, ұзындығы 130 - 200 см, көбінесе 150 см, ені 2,5 - 3 см. Екі басына қапсырма салынады. Кейде ұшын екінші ұшына өткізіп бекітетін тесіктер жасалады. Кіседе белбеуге іліп өткізіп қоятын былғары қалтасы болады. Ол оқ-дәрі, қару-жараққа қажетті басқа да ұсақ-түйек саймандар салу үшін пайдаланылады. Оған қалтамен қосымша оқшантай, кішкене сопақша дорба және пышақ, қанжар салатын қынап тығылады» деп берілген. Ал кейін келе кісенің түрі өзгерген. Барқыттан, оқа жіптермен кестеленіп тігілген, алтын, маржан тастардан көз салынып жасалған кіселер салтанатты шараларда тағыла бастады.

P.S. Кісе – жігіт үшін қазіргі заманның да ең пайдалы аксессуары бола алады. Белдікке тағылатын түрлі қалталар, ұялы телефон қапшығы, әмиян сияқты дүниелерді салуға арналған кәдуілгі кісе әрі сәнді көрінеді. Осыған орай, қазақтың жаңа сән өнерінің тамырын өзіміздің этнографиядан да алуға болатын дәлелдедік. 

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: museumgold.kz, elarna.com