Кроссовканың тарихы мен түрлері

Кроссовканың тарихы мен түрлері

Спорттық аяқ киім деген сөздің өзі қазіргі таңда қате сөз тіркесіне ұқсап барады. Себебі заманауи жастар кроссовканы тек спорттық жағдайда кимейді.

Кроссовкалардың түрлеріне тоқталайық:

Футболға арналған аяқ киімдер


Футбол алаңында ойнау үшін арнайы кедір-бұдыры бар бутсы қажет. Футзал ойыны үшін кедірі жоқ бутсы да жарай береді. Бірақ қаладағы футболды жақсы көретін жастар футзалға арналған бутсыларды да сәнге айналдырды.

Мәселен, 1977 жылы Ливерпуль клубының фанаттары Еуропа кубогының ақтық ойынына Flemings джинсы шалбарын, Levi's тор жейдесін және Gola Cobra кроссовкасын киіп келді. Ал сәл кейіндеу футбол жанкүйерлері бірдей етіп Adidas Samba өнімін киетін болған. Міне, осыдан бастап, спортшылар ғана емес, бұл аяқ киімді футбол жанкүйерлері де кие бастады.

Бразилия ұлттық құрамасы, 1977 жыл   

Баскетболға арналған аяқ киім


Баскетболға арналған кроссовка өзгелерге қарағанда үлкенірек, ірілеу болады. Олардың табаны қалың, десек те жұмсақтау келеді. Тағы бір ерекшелігі – бескетболға арналған кроссовкалар тобықты жауып тұрады. Converse All Star компаниясы 1917 жылы осы үлгідегі кроссовканы шығарады. Оның атауы атақты баскетболшы Чак Тейлордың есіміне 1923 жылы ауыстырылады. Аяқ киім атауы Converse All Star Chuck Taylor болып өзгереді. Ал 1969 жылы Adidas Superstar пен Keds нарыққа шығады.

Бастапқыда бұл аяқ киімді АҚШ баскетболшылары кисе, кейіндеу оны хип-хоп жұлдыздары да тастамайтын болған. Оның күтімі де әр жылдары әрқалай: мәселен 1970 жылдарда кроссовка өте қатты кірлеген кезде ғана жуылатын болса, кейінде, сексенінші жылдардың ортасынан бастап хип-хоперлер шаң жұқпаған таза кроссовкамен жүретін болды. Оны тіпті бормен, сүтпен, тіс шайғыш пастамен де жуу жолдары бар екен.  

Chicago Bulls баскетболшысы Майкл Джордан

Скейтерлік кроссовкалар


Скейтборд тебуге арналған аяқ киімдер бір жағынан төзімді болуы керек және екінші жағынан скейт үстінде тұруға қолайлы болуы тиіс. Сондықтан да оның табаны бірнеше материалдан дайындалған. Аяқ киімнің үлкен әрі жұмсақ тілшігі аяқты қатты соққылардан қорғайды. Бұл кроссовкалардың жазда киілетін түрі слипон деп аталады. Олар әрі әдемі, әрі жеңіл. 1966 жылы Vans деп аталатын фирма кейінгі 15 жылға таяу уақыт бойы скейт-кроссовкалардың негізгі өндірушісі болып келді. Олардың бағасы да тым қымбат емес, бар болғаны 5 АҚШ долларына бағаланыпты.

Скейтер Рэй Барби, 1990

Кеда: теннис ойынына арналған аяқ киім


Теннис ойынына арналған кедалардың басты міндеті адамға секіруге қолайлы болуы керек. Оның табанындағы «Z» таңбасы іспеттес сызық спортшының тайғанамауын қамтамасыз етеді.

1960 жылдардағы теннис ойыншылары 

Жүгіруге арналған аяқ киімдер

Жүгіруге арналған кроссовка аяқ табанына дәлме-дәл болуы қажет. Бұлар негізінен адамның жылдам жүгіруіне барынша қолайлы болуы тиіс. Кәсіби спортта раннерлерге мүлдем салмағы жоқ аяқ киімдер таңдалады.

Жүгіруден бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған Усейн Болт

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: furfur.me

А. Құлтай