Криперлерді қалай үйлестіріп киюге болады?

Егер сіз бойыңыздың аласалығынан жайпақ табан аяқ киімдер кие алмасаңыз, криперлер дәл сізге сай.

Ұлыбританияда 40-шы жылдары пайда болған түр-сипаты ерекше бұл аяқ-киім ара-тұра сәнге еніп, таптырмас бұйымға айналып отырады. Оның атауы creeper, яғни “білдірмей жақындау” деген мағына беретін ағылшын сөзінен шыққан. Алғашында криперлер өкшесі қалың ерлер аяқ киімі ретінде белгілі болған, бірақ қазір олар қыздар гардеробынан да орын алды.

Криперлердің пайда болу тарихы


Екінші Дүниежүзілік соғыста британдық әскерлер криперлер киген. Ол кездері бұлар қалың каучук табанды бәтеңкелер болатын. Әскерилер бұл аяқ киіммен барға да, пабқа да, мерекелік шараларға да бара алатын. Табаны қалың болғандықтан, жүргенде дыбысы шықпайтын болған.

Кейін, 50-ші жылдары криперлер жалпы танымалдылыққа ие болды. Британияның тедди-бой сәнқойлары оларды сәнге кіргізді. Олар қынама джинсы немесе шалбар киіп, аяқтарына криперлерді ілген. Осылайша, криперлер жайлы көптеген адам біле бастады, түрлі субмәдениет өкілдері криперлерді таңдап, қайталанбас стиль қалыптастыруға тырысты.

Криперлердің тағы бір танымалдылық дәуірі 70-ші жылдармен тұспа-тұс келеді. Ал бүгінгі таңда бұл аяқ киімнің қандай да бір субмәдениетпен еш байланысы жоқ. Крипер кию – ыңғайлылықты таңдау.

Сәнді криперлер 2014

Prada, Burberry Prorsum, Alexander Wang көрсетілімдерінің арқасында 2014 жылы криперлер сәнқой қыздардың гардеробынан табылуы тиіс аяқ киім екенін білдік. Дизайнерлер классикалық криперлердің түр-сипатына біршама өзгерістер енгізіп, әр қыздың көңілінен шығатын үлгілерді ұсынуда. Мысалы, топтамалардан түрлі-түсті былғары қосындысын, резина немесе эспадрильге ұқсайтын тоқылған биік қалың табанды криперлерді байқауға болады.

Кейбір сән мамандары криперлердің классикаға айналып бара жатқанын айтады. Олардың арасынан қара және ақ түстілерін табуға болады. Күнде биік өкшелі аяқ киіммен жүру қиын, ал крипер киіп, биік көріну біршама ыңғайлы екені рас.

Криперлерді немен кию керек?

Крипер кигенде бұл аяқ киімнің түсіне қарамастан жарқын, назар аударалық бұйым екенін ұмытпаған жөн. Криперлер киімнің нақты бір стиліне мұқтаж.

Егер табаны аса биік болмаса оны қысқартылған шалбарлармен немесе қынама джинсымен үйлестіріңіз. Бірақ мұндай аяқ киімнің бір артықшылығы – қазірде оны кез келген күнделікті киімдермен, белдемше, шалбар, шорты, комбинезондармен үйлестіруге болады.

Егер аласа криперлерді таңдаған болсаңыз, оны қысқартылған шалбармен кие аласыз.

Белдемшені ұнататындарға оны криперлермен кигенге миди немесе мини ұзындықты таңдауды ұсынамыз.

Кейбіреулері криперлерді біртүрлі дөрекі және қолайсыз аяқ киім санайды, дегенмен бұл аяқ киімнің табынушылары күн санап арта түспесе, кеміп жатқан жоқ. Егер криперлер тым көлемді көрінсе, биік қалың табанды емес, 4-5 сантиметрлік аласалау үлгісін таңдасаңыз болады.

Дөрекі аяқ киім дегенге де қарсы пікір айтуға болады. Криперлер унисекс аяқ киімдер қатарына жатқанымен, дизайнерлер аруларға бұл аяқ киімде өзін биязы сезінуге мүмкіндіктер жасаған – мысалы, Chanel-дің алтын түстес криперлері.

Сурет: passion.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина