Әйелдерге тек ақша керек деп шағымданатын еркектерді түсінбеймін. Өздері күтімді, әдемі көйлекті, ұзын шашты, жұпар иісті қыздарға қарайды. Сұлулық құрбандықты талап етеді дейді. Жоқ, сұлулық ақшаны талап етеді, деген екен Карл Лагерфельд.
Көп ақша жұмсамай-ақ, сымбатты да қымбатты көрінуге бола ма?
Ұтымды нәрсе. Сізді өзгелерден өзгешелендіріп тұрар бір ұтымды бұйымыңыз болсын. Бұл ерекше әшекей бұйымы не ерекше етіп тағылған орамал, болмаса адам ойын келмеген жерге қыстырылған түйреуіш болуы мүмкін.
Шаш тазалығы, оның сәнделуі, ұқыпты маникюр, тартымды мүсін, нәзік тері – осылардың бәрі мінсіз кейіпте болса, ең қымбат киім киген кез келген қыздың қасында жоғары тұруыңыз мүмкін. Өзіне күтім жасайтын әйел заты қашанда биік тұрады. Сымбатыңызды сақтап, өзіңізді барынша жақсы көріңіз.
Талғам биіктігі көрнекі жердегі логотип арқылы емес, тауар сапасы арқылы көрінеді. Танымал брендтер көшірмесі таңбаланған киімдер мен аяқ киімдерден аулақ болыңыз.
Классика – мәңгілік стиль, ешқашан сәннен шықпақ емес. Классикалық үлгіде киінетін болсаңыз, қаттырақ матадан тігілген киімдер таңдауға тырысыңыз.
Тері. Қазір көптеген дизайнер қолдан жасалған теріден тігіліген киім ұсынады. Бұл жануарларға жанашыр не өзін табиғи терімен елестете алмайтындар үшін өте қолайлы. Табиғи теріге ұқсайтын көшірме алмай-ақ қойыңыз. Теріден тігілген киім таңдасаңыз, ашықтау түсі дұрыс.
Баға арттыру. Дүкеннен сатып алған қарапайым твид жакетінің түймесін ауыстырып қойыңыз. Қазақилықты қалатын болсаңыз, өзіңіз ою алып жапсыруға болады.
Сан ба, сапа ма? Гардеробымды толтырамын деп көзге көрінген киімді, арзан тауарды сатып ала бермеңіз. Бағасына қызығып сатып алған нәрсе көп ұзамай өзіңізге ұнамай қалады. "Шкаф киімге толып тұр, киетін киім жоқ" деген ұғым осыдан шығады.