- Негізгі бет
- Сән
- Қолшатырлар - күмбездегі...
Қолшатырлар - күмбездегі сән
Жер дүниені жаңартқан көктем мезгілі төрімізден орын алғалы алғашқы жауынды да өткеріп үлгердік. Күтпеген ауа-райында бәріміздің есімізге ең керек аксессуар – қолшатыр түсті. Қолшатыр – тек қана әдемі аксессуар емес, сонымен қатар қолайсыз ауа-райы бола қалған жағдайдағы басты қорғанымыз. Мейлі, өзіңіздің жеке автокөлігіңіз болған жағдайда да, кез келген жаңбырлы маусымда қолшатырдың көмегі ауадай қажет. Автотұраққа дейін жетуге, саябақта серуендеуге немесе киноға, театрға бара қалатын жағдайда жаңбыр құйып жауып тұрса қайтпексіз? Қолшатырды кез келген дүкеннен сатып алуға болады, олар бір-бірінен үлгісі, түсі, формасы, бағасы мен сапасы жағынан әр түрлі болып келеді.
Адамдар өмірінде елу шақты қолшатыр ауыстырып үлгереді екен. Бірақ осыған қарамастан, қолшатыр таңдауға көп мән бере бермейміз! Ал сіз сапалы, қазіргі заманға сай үлгідегі, жақсы қолшатыр таңдағыңыз келе ме? Төмендегі кеңестер сіз үшін!
Қолшатырды сатып аларда ең бірінші оның құрылысына назар аударыңыз. Оның келесідей түрлері бар:
- механикалық (қолмен ашылатын),
- жартылай автоматты (батырманы баса отыра жоғары қарай қолмен ашасыз),
- автоматты (тек түймені бассаңыз болғаны),
- екі еселі автоматты (түймені басу арқылы тек қана ашылмайды, жабылады да).
Қолшатыр таңдауда мынадай белгілеріне назар аударған жөн:
- Үйлесімі. Бойы аласа адамдарға, саңырауқұлақ кейпіне еніп қалғысы келмесе қолшатырдың аса үлкенін таңдамағаны жөн. Және қолшатыр басқа да аксессуарлармен, мәселен, сөмке, шәлі, қолғап, галстук, тіпті аяқ киіммен де үйлесіп тұрғаны жөн.
- Дизайны. Мұнда екі ғана таңдау бар: жиналмалы қолшатыр және жіңішке таяқты қолшатыр. Жіңішке таяқты қолшатыр кез келген жиналмалы қолшатырдан мықтырақ болып келеді. Сондай-ақ мұндай қолшатырдың дөңгелек, әрі үлкен күмбезі қатты соққан желге жақсы төтеп бере алады. Барлығы да сіздің өмір сүру стиліңізге байланысты: егер сіз жұмысыңызға автокөлікпен баратын болып, қолшатырды есіктен есікке жету үшін қолдансаңыз, онда аса үлкен емес жиналмалы қолшатыр жарайды. Ал көбіне жаяу жүрсеңіз, онда ең дұрысы – мықтырақ қолшатыр, яғни жіңішке таяқты қолшатыр. Және де ерлерге классикалық үлгіде киінген болсаңыз осы жіңішке таяқты қолшатыр пайдаланған жөн. Жиналмалы қолшатыр casual стильге келеді.
- Күмбезі. Әдетте қолшатырдың күмбезі нейлоннан немесе полиэстрден жасалынады. Нейлоннан жасалынған қолшатыр суға ең төзімді түрі, сонымен қатар ең қымбаты да болып келеді. Қолшатыр күмбезінің сондай-ақ полиэтиленнен (балалар қолшатырында жиі кездеседі) және мақтадан да жасалған түрлері болады. Мақтадан жасалғаны әдемі көрінгенмен, басқа материалдарға қарағанда суды нашар сіңіреді, дымқылданған жағдайда ауырлап кетеді де, кебуі қиын болады.
- Қаңқасы. Қаңқа жасалатын материалдар аса көп емес: пластик, болат, ағаш, алюминий және фибергласс. Ағаштан жасалатын жақтау гольфке арналған үлкен қолшатырларда ғана кездеседі. Алюмин және фиберглассты жақтау – жеңіл әрі мықты. Болат жақтау - бағасы арзанырақ болғанымен, ауыр болады. Пластикті жақтау - ең арзаны, бірақ мықты емес.
- Түсі. Қолшатырдың түсін таңдағанда жасыл және көк реңктерден абай болыңыз. Түріңіз жарқырап тұрса да, көкшіл және жасыл түстер сізді жүдеулі етіп көрсетіп, ауырып тұрғандай өң береді. Ал сіз табиғатыңыздан бозарған реңді болсаңыз, онда жылы түсті қолшатыр таңдағаныңыз жөн болар: олар сіздің өніңізді аша алады. Ал ерлер қауымы көбіне қара түстісін таңдап жатады. Қара түс те жауынды күн секілді түнеріңкі болып тұрады, сондықтан аздап өрнек түскен немесе сұр түстен таңдасаңыз жарайды.
Сүйікті қолшатырыңыз сізге ұзақ қызмет етуі үшін оған дұрыс күтім керек. Үйдің ішінде қолшатырды ашу – жақсылыққа емес деген ырымды еске түсіріңіз. Тіпті ырымға сенбеймін деген күннің өзінде қолшатырды толық ашылған күйде емес, жартылай ашылған жағдайда кептіріңіз. Ал егер осы бір маңызды аксессуар былғанып қалған жағдайда толық ашылған қалпында тазалау керек: қолшатырды жұмсақ немесе кір кетіруге арналаған өзге сұйықтықпен сабындаңыз, және үстінен жайлап щеткамен ысқылаңыз, жақсылап сабынды көпірікті жуып тастаңыз. Енді қолшатырды тек жақсылап кептіру қалды. Және ол өз қызметіне кірісуге дайын.
Қолшатырыңыз қаншалықты мықты болса да баршаңызға бұлтсыз, ашық аспан тілейміз!
Сурет fraui.ru, clipart.net.ua сайттарынан алынды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
С. А