Шашымызды сәндеуге арналған резеңкелердің әшекейлері түсіп қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Түрлі маталар мен тастарды, моншақтарды пайдалану арқылы резеңкені қайта қолданысқа енгізуге болады. Ол үшін...
Қажетті заттар:
Мата (атлас немесе шифон); Ине-жіп, қайшы; Балауыз бен қағаз; Моншақтар, бисер және резеңке.1-үлгі:
Резеңкенің алғашқы үлгісі үшін атлас не сәл қаттылау келген мата қолданамыз. Қағаздан дөңгелек қиып алып, матаға сызып қажетті форманы аламыз.
Балауыз көмегімен жиектерін сәл күйдіріп, ине-жіппен көктеп шығамыз. Жиектерін мұқият тіккен соң, түйіндемей тұрып, жіпті тартамыз.
Сонда бізде гүлге қажетті формалар шығады. Оларды өзара біріктіріп, гүл кейпін келтіреміз.
Моншақтармен сәндеп, резеңкені тігіп шығамыз. Қос бұрымыңыздың сәнін келтірер резеңкенің алғашқы үлгісі дайын!
2-үлгі
Екінші үлгі үшін шифон (капрон) матаны пайдаланамыз. Қағаздан әртүрлі диаметрдегі дөңгелектерді қиып алып, матаға сызып шығамыз.
Сонда бізде мынадай бірнеше әртүрлі диаметрлі дөңгелек шығады.
Осы дөңгелектерді балауызбен жиектерін бүрістіріп шығамыз. Шифон тез жанатын мата болғандықтан, жылдам әрі абай болған жөн.
Гүліміздің жиектері қиғашталған күлте жапырақтары дайын. Енді бұларды үлкенінен кішісіне қарай тізбектеп ине-жіппен тігеміз. Мықты болу үшін кішкене қаттылау матаға күлте жапырақтарды тізіп шыққан дұрыс.
Гүлдің формасына келтіре отырып, алдымен үлкен дөңгелектерді тіземіз.
Одан кейін орташа дөңгелектерді мұқият тігіп шығамыз.
Соңынан кішкентай күлте жапырақтарын тізіп, гүлді дайындап аламыз.
Ендігі кезек – сәндеу процесінде, ол үшін гүлдің түсіне сай бисерлерді алып, гүлдің дәл шоғырына тігеміз.
Соңында резеңкені қадаймыз, осымен жұмыс аяқталды. Сәнді әрі ерекше әшекей дайын!
Кеңес: гүлді резеңкенің қатпары көбірек болу үшін дөңгелектер санын еселейміз.
Қолөнер сабағының авторы: Ақнұр Бектеміс
√ Ақнұрдың басқа сабақтары:
Жаға жасап үйренейік
Канзаши
Басты сурет: penbox.am
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова