- Негізгі бет
- Сән
- Қоқыс пакеті тәрізді...
Қоқыс пакеті тәрізді "Lanvin" сөмкесі
Кейде сән әлемі кезекті тренд ретінде ойға қонымсыз, түсініксіз, тіпті ұсқынсыз заттарды ұсынады. Гардероб бұйымына мүлдем ұқсамайтын мұндай сәнді заттар қалжың ба, әлде талғамы жоғары дизайнерлер шынымен оны нағыз тренд санайтын болғаны ма?
Сән подиумдарынан ұсқынсыз киімдер, дөрекі аяқ киім мен түсініксіз аксессуарлар қайта-қайта көрініп жатады. Сәнқой қыздарды ойландырып, таң қалдырған "Jil Sander" сән үйінің қағаз сөмкесі, "Rochas" брендінің швабраға ұқсайтын аяқ киімінен кейін әлем бойынша атақты "Lanvin" сән үйінің бас дизайнері Альбер Эльбаз ерекше пішінді сөмке шығарды.
Француз сән үйінің креативті дизайнерінің соңғы топтамасында керемет көйлектер, ресми стильдегі шалбар костюмдері, өте нәзік комбинезондар орын алды. Бірақ модельер оларға аксессуар ретінде қоқыс пакетіне ұқсайтын сөмке ұсыныпты.
"Lanvin" сән үйінің креативті дизайнері Альбер Эльбаз
Қоқыс пакеті сынды жасалынған брендті сөмкенің бағасы әлі белгісіз. "Lanvin" аксессуарлары кемінде 1500 доллар тұрады, ал бұл сөмке подиумдық нұсқа екенін есепке алсақ, сөмкенің бағасын болжап көріңіз.
Сөмке бірнеше түсте орындалған: классикалық қара, металл түстес қара-көк және салтанатты алтын және күміс түсті түрлері де бар.
Ең қызығы "Дөрекі сөмке күнделікті бейнелерге ғана емес, салтанатты ұзын жылтыр көйлектерге де жарасады" деп санайды дизайнер. Голливуд жұлдыздарының бірі қызыл жолда осындай сөмке ұстап шыға алады деп ойлайсыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: woman.ru
С. А