- Негізгі бет
- Сән
- Көктемнің ең сәнді...
Көктемнің ең сәнді сырт киімі — тренч
Көпшіліктің сүйікті жеңіл күрткелері мен пальтоларына лайықты бәсекелес бола алатын және сәннен шықпайтын сырт киімнің бірі — тренч. Тренчтің негізгі 3 артықшылығын ұсынамыз.
Тренчкот немесе тренч бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын адамдардың гардеробын «жаулай» бастады. Сол кезде Burberry негізін қалаушы Томас Берберри ұсынған классикалық модель бізге өзгеріссіз жетті: ақшыл-сарғыш түс, екі қатар ілгек, тоғасы бар белдік, эполет. Тренчтің танымалдылығы артқан сайын оның түрлері де көбейіп келеді. Қазір габардиннен жасалған плащтарға тор сызылады, суреттер салынады немесе ол түбегейлі өзгеріске ұшырайды.
Ол — ыңғайлы сырт киім
Сапалы тренч 99% габардиннен тұрады. Габардин өте тығыз болатындықтан, ол тозуға төзімді келеді. Сондықтан да ойланбастан сапалы тернч сатып алуға болады, себебі оны жылдар бойы кие аласыз. Тренч ауа өткізбейді, сол үшін желді күні тоңып қалмайсыз. Сондай-ақ, бұл сырт киім аса күтімді қажет етпейді. Әдетте, оны кір жуғыш машинаға жуу ұсынылады, ал дақтарды кез келген химиялық тазалау салондарында оңай кетіріп бере алады.
Ол су өткізбейді
Сапалы классикалық тренч су өткізбейді. Тренчтің отаны — Ұлыбританияда оның бұл қасиетін жоғары бағалайды: ол жақта жаңбыр өте жиі жауады. Тренч матасының тығыздығы оны су өткізбейтін қасиетпен қамтамасыз етеді, алайда ол су жұқтырмайтын құраммен қосымша өңделуі де мүмкін.
Тренч — әмбебап киім
Тренчтердің құмды түстер гаммасы — шынымен де әмбебап нұсқа. Ақшыл-сарғыш немесе қоңыр-қызғылт түс болсын, тренч джинс шалбарымен де, көйлектермен де бірдей үйлесе береді. Оны етіктермен немесе кроссовкамен кие беруге болады. Оған қоса, тренчтің екіжақты түрлері бар. Яғни, оны теріс айналдырып кию арқылы күнделікті киім үлгісін толықтай өзгертуге болады.