Қыздар биік өкшелі аяқ киімсіз үйден шықпайтын кез біртіндеп артта қалып барады. Қазір әдемілікпен қоса, ыңғайлылық пен әмбебаптылық бірінші орынға шықты. Ыңғайсыз тік өкше туфлидің орнына көбіне жай табанды аяқ киімдерді таңдайтын жұлдыздардан шабыт алайық. Ендеше, назарларыңызға көктемгі серуенге арналған сәнді аяқ киім түрлерін ұсынамыз.
Дөрекі бәтеңкелер
Қалың «трактор» табан, баулар және дөңгелек бас – мұндай бәтеңкелер әлі де сұранысқа ие. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көктемгі жаңбырлы күндерге оның қалың табаны жақсы келеді. Екіншіден, оны джинс шалбарымен, классикалық пальтомен және мини белдемшелермен де кие беруге болады. Ол кез келген киім үлгісінде стильді көрінеді.
Челси
Аяқ киімнің бұл түрі қайтадан сәнге оралды. Бірақ оның классикалық қара түсін емес, қоңыр немесе ақ түсін таңдаған жөн. Жай табанды ақ челси голливуд сәнқойларының базалық аяқ киіміне айналды десек қателеспейміз. Егер сіз тұратын жердің ауа райына байланысты ақ етік ала алмасаңыз, оның қоңыр түріне мән беріңіз.
Казаки
Казакидің өкшесі биік емес, ол көбіне бірнеше сантиметр ғана болады. Сондай-ақ ол жалпақ болғандықтан аяққа ыңғайлы келеді. Казаки аяқ киімі көктемнің салқын күндеріне жақсы келеді.
Лофер
Лоферді тек кеңсеге емес, серуендеуге де киюге болады. Мысалы, оны түрлі түсті шұлықпен киіп, джинс шалбарымен және пальтомен үйлестірсеңіз, стильді киім үлгісі шығады.
Кроссовка
Кроссовкалардың біздің гардеробқа еніп кеткені соншалық, ол жақтан әзір кетпеуі әбден мүмкін. Қазір оны кез келген мерзімге арналған түрін табасыз және оны кез келген киім үлгісімен үйлестіре бересіз. Жұлдыздар көбіне қалың табанды және ақ түсті кроссовка таңдайды.