- Негізгі бет
- Сән
- Көктемгі сән: Шоппер...
Көктемгі сән: Шоппер сөмкесі
Ыңғайлы әрі сәнді сөмкелер тақырыбын жалғастырып, бүгін шоппер (ағылшын тілінде сатып алушы деген мағынаны білдіреді) деп аталатын сөмке түрін қарастырамыз.
Адам өмірінің барлық қыры сәнді және әсем болуы керек деп ойлайтын дизайнерлер үй шаруасындағы қыз-келіншектерге дүкеннен азық-түлік, керек-жарағын тасу үшін шоппер сөмкесін дүниеге әкелген болатын. Әрине бұған дейін біздің ата-әжелеріміз арнайы тордан жасалған немесе матадан тігілген мықты сөмкелер ұстағанын біз олардың әңгімесінен білеміз не ретро фильмдерден көреміз. Шоппер солардың заманауи нұсқасы да болуы мүмкін.
Бұл қандай сөмкелер?
Бұл былғары, кенеп тәрізді мықты материалдан тігілген көлемді сөмкелер. Оны қолға ұстауға да, ішіне зат залып, ауырлаған кезінде иыққа асуға да болады.
Ол бір ретке ғана жарайтын пакеттерден мықты және былғары мен кенептен тігілетіндіктен адам ағзасына зиянды емес. Оны қажет емес кезде бүктеп, салып аласыз.
Олардың түстері әр алуан, пішіндері әртүрлі: тік төрбұрышты, трапеция, т.б. болып келеді.
Биылғы трендке дизайнерлер бұл сөмкелерді тек үй шаруасындағы әйелдерге шаруашылық заттарын тасуға ғана емес, кеңсе қағаздарын да салып жүруге ыңғайлы етіп шығарып отыр.
Сол себепті іскер бикештердің де қысылмай, сәнді шоппер сөмкесін ұстай берулеріне болады (ғаламтордан шетелдік жұртқа белгілі тұлғалардың шопперді ұстап жүргенін көре аласыз). Сіздер де шопперді must have-қа енгізіп, кез келген аксессуармен, аяқ киімдермен үйлестіре аласыз.
Консерваторлардың біртегіс, төрбұрышты, күңгірт түстегі шопперді қалайтыны сөзсіз. Ал өзгелерден ерекше сөмкені ұнататындарға да іздегендері табылады. Себебі шопперлердің кейбіреулерін әсемдік үшін тор секілді не гүл секілді тесік-тесік етіп жасайды, мұндайлардың ішіндегі заттарды көрсетпеу үшін біртегіс материалдан жасалған ішкі қабаты болады.
Оны Louis Vuitton, Lanvin, Anya Hindmarch тәрізді белгілі маркалар шығарып отыр.
Сурет: shinysyl.com, luziehtan.de
Ұқсас жазба:
Көктемгі сән: Мессенджер сөмкесі
Ф. Абилова