Қашан да бір идеяны дереу шығармашылығына арқау ететін дизайнерлер нормкор стиліндегі жайлылық, ыңғайлылықты алып, подиумға шығады. Әсіресе Нью-Йорк сән апталығындағы осы стильдің көрсетілімдері сәтті шыққан сияқты. Hood by Air, Wood Wood, Jacquemus сияқты маркалар нормкордың элементтерін түрлендіріп жарыққа шығарды.
Бұл қандай стиль?
Нормкор стилінің шығу тарихы туралы бұған дейін «Сән әліппесі: Нормкор стилі» мақаласында сөз еткенбіз. Табиғи маталардан тігілген киімдер әсіресе кинестетиктер мен флегматиктердің көңілінен шығатыны сөзсіз. Нормкорды кейде «сәнге қарсы сән» деп те атайды. Себебі мұнда үйлеспейтін үйлесімділік, жайлылық, көзге ерекше түспеушілік идеялары басты орында. Кроссовкі, кеда, аласа өкшелі аяқ киімдер, спорттық, оверсайз, маскюлэн стиліндегі кофталар, көйлектер, пальтолар, пиджактар мен шалбарлар 2015 жылғы трендтер қатарында. Аталған киімдерді сатып алсаңыз, smart casual стиліндегі киімдеріңіз дайын тұрады.
Дегенмен бұл стильді кеңседегі жұмыс орнына да қолдануға болады. Мысалы, маскюлэн стиліндегі костюм: жейде, пиджак пен шалбар, оверсайз көйлек немесе сәл кеңірек тұратын миди белдемшемен кез келген іскерлік кездесулерге емін-еркін бара бересіз. Бұл стиль барлық пішіндегі аруларға үйлеседі. Әсіресе қылдырықтай белінің жоқтығына қынжылатын «алмалар» үшін маскюлен стиліндегі костюм өте ақылды шешім. Кең тұратын пиджак олардың осы мінін жасырып, жауып тұрады.
Жасы 30-ға дейінгі қыз-келіншектер аталған стильді спорттық үлгідегі аяқ киімдермен үйлестіре алады. Әйтпесе біз өкше туфли оларды тым ересек етіп көрсетеді. Бұл стильдің бір ерекшелігі – жасы үлкен әйел адамдарды жасартады.
Сурет: vk.com
Ұқсас жазба:
Сән әліппесі: Нормкор стилі