- Негізгі бет
- Сән
- Көктемгі сән: Сафари...
Көктемгі сән: Сафари стилі
Қай стильді алып қарасақ та оның шығу тарихы бар. Осындай стильдердің бірі - сафари. «Сафари» сөзі суахили тілінде «саяхат», ал ағылшын тілінде «аңшылық» деген мағынаны білдіреді.
Алғаш Африканы отарлауға келгендер көп ұзамай өз киімдерінің жергілікті жерде жарамсыз екенін түсініп, арнайы тапсырыс береді. Осылайша сафари стилінің алғашқы элементтері дүниеге келеді. Күнге бірден оңып кетпейтін ақшыл түстегі мақта, зығыр маталарынан денеге еркін тұратын, әртүрлі керек-жарақтарды салып жүруге ыңғайлы қалталары көп, су құйылған ыдыс байлайтын белдігі бар жаңаша стильдегі киімдер тігілді. Жылан сияқты улы жәндіктерден сақтану үшін биік қонышты етіктер мен бәтеңкелер, күннен қорғайтын жалпақ жиекті қалапақтар мен қара көзілдіріктер де Африкаға жеткізілді.
Кез келген идеяны қалт жібермейтін дизайнерлердің бірі Ив-Сен-Лоран 60-жылдың аяғында осы стильді сән әлеміне енгізді. Бұл үлгі өзінің ыңғайлылығымен, сәнділігімен әлі күнге дейін подиумнан түспей келе жатыр. Әрбір дизайнер өз идеясымен толықтырып отырады. Max Mara сән үйі табиғи маталарға заманауи синтетикалық талшықтарды араластырып, тіпті той көйлектерін де ұсынды.
Сафари - әрбір жанның гардеробында болу керек (must have) стиль. Барлық пішіндегі, сондай-ақ барлық жастағы адамдар кие алады. Тіпті дресс-код қатаң сақталатын жұмыс орындарында да оның элементтерін қолдануға болады. Бұл жағдайда тек қабылан стилі ғана келе бермейді.
Бұл стиль тек әйелдер қауымына емес, ерлер гардеробынан да табылады. Сонымен қатар бұл батыл әрі ыңғайлы стиль нағыз ер адамдарға лайық деп саналады. Cуретте көріп тұрғаныңыздай, сафари стиліндегі жеңіл пиджак классикалық жейдемен тамаша үйлесім тауып тұр. Ал ақшылдау түстегі балағы қайырылған сәнді шалбар мен дезерт аяқ киімі образды толықтырып, өте сәнді етіп көрсетіп тұр.
Егер табиғи матадан тігілген, қалтасы көп, иығында погоны және белдігі бар киімдерді көрсеңіз, ойланбай өз өлшеміңізге сай келетін түрін ала беріңіз. Оны ағаш, теріден жасалған әшекейлермен, қара көзілдірікпен, қалпақпен не орамалмен үйлестіріп, қалаған жағыңызға аттана бересіз.
Сурет: blogspot.com
Ұқсас жазба:
Кемшіліктеріңізді жетістікке айналдырыңыз #2
Ф. Абилова