Әйел затының нәзіктігін айқындайтын осы бір элементтің кезінде әскери стильден ауысқанын сән әлемінен бейхабар жандар біле бермес. "Реглан" сөзі қолы жоқтығын білдірмеу үшін осындай пішімдегі киімді киген генералдың есімімен байланысты.
Реглан жеңінің көмегімен дене бітіміндегі кемшіліктерді бүркемелеуге болатынын түсінген дизайнерлер оны подиумға шығарды. Бұл киімді жаңашыл қауым қуана қарсы алды.
Өткен ғасырдың 70-90 жылдар аралығында ұзақ салтанат құрған реглан жеңді киімдер биылғы 2015 жылғы трендте must have-тың қатарынан орын алады.
Реглан жеңді киімдер кімдерге жарасады?
"Алма" пішінді бойжеткенге реглан жеңді етегі сәл кеңдеу трапеция болып пішілген туника, қысқа плащ, пальто және тон жарасады. Себебі осы үлгі "алма" пішінділерді сұңғақ етіп, жіңішкертіп көрсетеді.
"Алмұрт" пішінді арудың иығы мен кеудесі кішілеу болған соң, оған реглан жеңі сәл кеңірек немесе қабатталып тігілгені ыңғайлы болып келеді. Белін жалпақ белдікпен буып, аяқын кербездене басып шыққанда назар аудармайтын жан қалмайды.
Ал "банан" мен "құмсағаттарға" кез келген реглан жеңді киімдерді киюге болады.
Иығының үлкендігіне қынжылатын қыз-келіншектер екі түсті: жеңі қара не қоңыр, басқа бөлігі ақшыл реглан киімді кию арқылы иығын кішірейтіп көрсетеді.
Реглан жеңді киімді қандай жерлерге киюге болады?
Іскерлік стиль. Реглан жеңді тізеден сәл төмен түсетін біртегіс көйлекті қолыңызға сағат не білезік тағып, ботильон не туфлимен толықтыра аласыз. Болмаса көйлек-футлярдың сыртынан реглан жакет киіп шығуыңызға болады.
Smart casual. Жеңі аталмыш пішімдегі күрте, свитшот, лонгслив, жейдені "жыртық" джинспен немесе ұзын, кең етек белдемшемен үйлестіріп, әсем образ жасай аласыз.
Той көйлектері. Реглан жеңді көйлектерді нағыз той көйлектері деп айта аламыз. Себебі әдеттегідей тік тұрған иығы жоқ мұндай көйлектер қыз-келіншектерді сүйкімді, сәнді етіп көрсетеді. Аксессуар тағып, клатч ұстауды ұмытпасаңыз болғаны.
Үй киімі. Үйде сәнділікпен қатар ыңғайлылықты да ойластырған абзал. Реглан жеңді киімдер денені қыспайды. Реглан халат, футболка, пижамаларды, сондай-ақ спорттық киімдерді сатып алсаңыз, оған көзіңіз жетеді.
Реглан жеңді киімнің тағы бір ерекшелігі - оны пішіп, тігу оңай. Сондықтан сән журналдарындағы не интернет сайттарындағы кеңестерге сүйеніп, өзіңіз тігіп алсаңыз болады.
Іске сәт!
Сурет: liveinternet.ru
Ұқсас жазба:
Кемшіліктеріңізді жетістікке айналдырыңыз #2