- Негізгі бет
- Сән
- Көктемгі сән: Нәзік...
Көктемгі сән: Нәзік түстердің үйлесімі
Кез келген қыз көпшіліктің көзайымына айналуға көмектесетін жарасымды киім киюді ұнатады. Мұны барлығы бірдей мойындамайтын шығар. Алайда аналарымыз өмір сүрген заманның киімдері көздің жауын алып, кейде қызықтыра түсетіні рас. Олар көбінесе нәзіктігімізді айқындайтын романтикалық стильде киінуді жөн көрген.
Заманауи бойжеткендер де аталған стильде киінуді ұнатады. Ол ХІХ ғасырда пайда болған. Жыл сайын сәннің өзгеріп отыратынына қарамастан, бұл стиль өзіне ғана тән кербездігін сақтап қалған.
Кеудеше - 7 990 теңге
Белдемше - 9 990 теңге
Сөмке - 9 990 теңге
Романтикалық стиль бойжеткеннің мүсініне шақ, жеңіл матадан тігілетін киім түрлерін қамтиды. Бұл бағыттағы киімдерге бүрмелілік, желбіршек, қосетек, перделеу тән.
Бұл стильге лайық негізгі киімдер ретінде бірнеше қабаттан тұратын бүрмеленген белдемше, көйлек және белі жоғары тұратын сарафан, көкірекшесі ғана тырысып, өзі кең тұратын кеудешені айта аламыз. Жібек немесе тоқылған қысқа балақ шалбар, белі жоғары тұратын джинсы, бай әшекейленген жакет пен жамылғы, классикалық фасондағы пиджак пен плащ та осы стильге тән. Романтикалық стильдегі кеудешелердің жеңі ¾ болып келеді. Дененің нәзік бөліктеріне аса мән беріледі. Киімдер бойжеткеннің үстінде Х тәріздес орналасуы тиіс. Безендіру үшін бантиктеу, бүрмелеу, жабо, кокилье, кестелеу, буф тәсілдері қолданылады. Киімнің кеуде, бел тұсы перделенеді.
Түсі жартылай тұнық шифон, органза және жібек сынды маталар қолданылады. Мұнымен қатар жұқа трикотаж, тоқыма, шілтер, гипюр, зығыр, бәтес, атлас сынды маталардан тігіледі.
Белге немесе кеуденің төменгі бөлігіне тағылатын белдіктер, сырға, моншақ, кулон, танамоншақ, диадема және шашқа арналған шеңберлер, мойын орағыштар, қолғап пен түрлі шляпаны аксессуар ретінде пайдалануға болады. Романтикалық стильдің әшекейлері гүл, жапырақ, айғұлақ тәріздес формада болады.
Романтикалық стиль мен кэжуалдың үйлесімі суреттегі образда көрініс тапқан. Бірнеше қабат желбіршегі болмаса да, нәзік түстерден тігілген. Күнделікті сабаққа, жұмысқа киіп баруға өте ыңғайлы. Мұнымен қатар, кең етекті белдемше бөкседегі артық майды жасырады. Көктем жадыраған көңіл күй сыйлайтын мезгіл болғандықтан, образды ашық түсті аксессуарлармен толықтыруға болады. Яғни сарғыш түсті сөмке еш артықтық етпейді. Ал ақшыл сары аяқ киімді кез келген түстегі киіммен үйлестіруге болады.
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай