Әр кезде подиумнан қылаң беріп тұратын кюлот соңғы кездері қыз-келіншектердің сүйікті киімдердің біріне айналды.
Бір кезде тек аристократтар мен байлар ғана киген кюлотты, тренчкот сияқты қазір көбіне қалалықтар, талғамы жоғары жандар ғана киеді.
Ең алғаш кюлотты Эльза Скиапарелли 30-жылдары өз коллекциясында пайдаланған екен.
Кюлот деген не?
Кюлот — тобықтан жоғары тұратын қысқа, кең балақ шалбар. Оның подуимда кестеленген, біртегіс, принтті, былғарыдан, күдеріден, қалың, жұқа маталардан тігілген алуан түрлері көрсетілді.
Кюлотты қайда киюге болады?
Іскерлік стиль. Көктемде классикалық стильдегі жакетпен, жазда біртегіс жейдемен жұмыс орнына киюге болады. Аяққа ботильон, біз өкше туфли киген жарасымды.
Smart casual. Көптеген дизайнерлер мен сән үйлері бұл стильді барынша сәнді етуге тырысты. Мысалы, кюлотты, тренчпен, кимономен (оверсайз), свитшотпен, дениммен үйлестіру. Аяқ киімнен платформа туфли, кроссовка және бізтұмсық балетка ұсынылады. Көктемде жаңбыр жауып, салқындаған кезде оны қиғаш жабылатын күрте, жүн жемпір не свитермен киген дұрыс.
Кюлот бойы ұзын қыз-келіншектерге сөзсіз жарасады. Тым қысқа шалбар (шорты) киюге қысылатындар үшін кюлот - таптырмайтын шешім. Әсіресе күннің ыстығында өте ыңғайлы. Ал аласа бойлы бойжеткендер кигісі келсе, аяғына биік киюді ұмытпағаны жөн. Себебі қысқа шалбар бойды одан сайын аласартып көрсетуі мүмкін.
"Алмұрт", "құмсағат" пішінділер жакет, жейделерінің сыртынан жалпақ белдікпен буынса, дене сымбатының әдемілігін барынша айқындай алады. Ал "алмалар" мен "банандар" бөксені сәл жауып тұратын жакет, жейделерді кюлотпен шебер үйлестіре алады. Аксессуардан қолға кроссбоди, мессенджер немесе рюкзак ұстау арқылы образыңыз дайын болады.
Сурет: style.com
Ұқсас жазба:
Өңіржиекті заманауи киіммен үйлестіруге бола ма?