Көктемгі сән: Кез келген аруды сәнді ететін киім

Сән әлеміне өткен ғасырдың 20-жылдары келіп қосылған кейп күні бүгінге шейін кутурьелердің қиялына қанат бітіріп, шабыттандырып келеді.

2015 жылғы must have-тың қатарындағы кейп барлық жастағы балабақша бүлдіршіндері, оқушылар, студенттерден бастап, зейнеткерлерге дейін жарасатын элемент.

Кейп тренчкот сияқты қалалықтардың киімі, яғни, оны киген ару сырт көрінісімен кино жұлдыздарынан бір кем түспейді. Оның түймесіз, бір түйме, керісінше көп түйме қадалған түрлері болғандықтан әркім өзіне ұнайтынын таңдай алады.

Кейп деген не?

Кейптің пончодан айырмашылығы − иығының белгілі бір өлшемі болуында, ал пальтодан өзгешелігі жеңі болмауында болса, жилеттен айырмашылығы кең пішілуінде.

Кейптің осындай ерекшелігі оны барлық пішіндегі әйел заты кие беретін әмбебап киімге айналдырады. Әсіресе киім таңдағанда көп ойланатын "алма" пішінді арулар үшін және қимыл-қозғалысы көп, машина жүргізушілерге өте тиімді. Көптеген келіншектер баламен үйде отырғанда ыңғайлы болу үшін спорттық үлгідегі киімдерге үйреніп алады. Алайда кішкентай сәбиіңіздің талғамы өзіңізге қарап қалыптасатынын ұмытпағаныңыз жөн. Сондықтан күрте мен бірге жеңі жоқ кейпті де сатып алсаңыз, әсемдігіңізді еш жоғалтпайсыз.

Кейпті немен киюге болады?

Кейптің ұзын, қысқа түрлері подиумға шықты. Кейптің қысқа түрін ішінен көйлек-футляр, қарындаш белдемшені ұзын қонышты етікпен, ботильонмен, жылы күндері классикалық туфлимен киіп, жұмысқа бара аласыз. Сондай-ақ оны skinny шалбармен, леггинспен, аяғыңызға ботильонмен не туфлимен кие аласыз. Міндетті түрде салқын күндері қалың, ал жылы кезде жұқалау қолғап киюді дағдыға айналдырыңыз. Әсем көрінудің бір құпиясы осында.

Той көйлектерінің де сыртынан жамыла салсаңыз, ерекше көрінісіңізбен жұрттың назарын өзіңізге аударасыз. Бір ескеретін жайт, миди көйлектердің етегі ұзын кейптен шығып тұрмауы тиіс.

Романтиканы жаны сүйетін меланхоликтер образға одан сайын сән беріп, қалпақпен, ал кербез сангвиниктер қара көзілдірік, мойынорағышпен стильді толықтырары сөзсіз. Холериктер өздігінен ойластыра алмаса, жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ түргені абзал. Флегматиктер, кейпті гардеробыңызға қоссаңыз, өкінбейсіз, ыңғайлылығы кәдімгі пальтодан кем емес.

Сурет: mywhitet.com

Ұқсас жазбалар:

Көктемгі сән: "Жыртық" джинспен әсем де сәнді көрінудің жолдары

Өңіржиекті заманауи киіммен үйлестіруге бола ма?

Темпераментіңізге сай киіне аласыз ба? #2

Адам көркі – шүберек