Сән эксперттері қабылан стиліне (теңбіл материалдан тігілген киім) өте қатаң қарағанмен, дизайнерлер маусым сайын қабылан тақырыбын өз шығармашылықтарына арқау етіп отырады. Биыл да осы дәстүр қайталанды.
Қабыланның классикалық қара-қоңыр бояулы түрін былай қойғанда көгілдір, сарғыш, күлгін, қызғылт түрлері көздің жауын алады. Әдемі-ақ, алайда қабылан стиліндегі киімді киюге өте үлкен талғам керек. Болмаса «бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының» кері келеді.
Сонымен қабылан стилінде қалай киінуге болады?
Қабылан стилімен кез келген жастағы әйел заты киіне алады. Алайда бұл стильді таңдар алдында айна алдында көбірек жүріңіз. Себебі қабылан қыз-келіншектің кербездігін, сұлулығын паш етіп оны нағыз ару етіп көрсете де алады. Дегенмен аталған стильді талғамсыз қолданғандықтан, қарауға ұялатын жағдайлар да жиі кездесіп жатады.
Біріншіден, қабылан стиліндегі теңбіл көйлекті кисеңіз, аксессуар мен өзге киімді басқа материалдан таңдағаныңыз жөн. Тіпті осы стильдегі шаш қыстырғышты да тағуға болмайды, есесіне бойжеткен кішкене сырға немесе сақина тағып, классикалық стильдегі біз өкше туфли кию арқылы өз талғамының жоғары екендігін көрсетеді.
Ал аталған стильдегі туфлиді кисеңіз, көйлегіңіз ашық-шашық болмауы керек, өзге аксессуарыңыз қарапайым стильде болғаны дұрыс.
Өкінішке орай, көшеден бастан-аяқ «қабыланға» айналып кеткен бикештерді жиі көреміз. Сондықтан стилистердің, сән эксперттерінің кеңестеріне құлақ асу керек.
Екіншіден, бұл стильде киіну мүлде дресс-кодқа жатпайды. Дегенмен дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орнында стильдің кейбір элементтерін қолдануға болады.
Қабылан стиліндегі көйлекті тек кешкі шараларға көбінесе қара не сұр туфлимен киеді. Көйлектің кеудесі ашық болса, етегі ұзын болуы керек, керісінше қысқа көйлектің омырауы жабық болғаны абзал.
«Алмұрт» пішінділерге жоғары жағы теңбіл, төменгі жағы біртегіс матадан тігілген көйлек әдемі жарасады. «Банандарға» сәл кеңірек тұратын қабылан көйлегі үйлеседі. «Алмалар» теңбіл туниканы skinny джинспен кие алады.
Сурет: michelleaddison.com
Оқи отырыңыз:
Жігіттерге бикештердің қандай киімдері ұнамайды? #2
Көктемгі сән: әшекей бұйымның төресі – інжу
Көктемгі сән: Пальто – аруларға арналған киім
2015 жылы қандай киімдер сәнде болады?