Көктемгі сән: Худи

Ыңғайлы болғандығынан шығар бір кезде «хип-хоп» субмәдениетінен келген, барлық жастағы адамдардың сүйікті киімінің біріне айналған худи биылғы жылы трендте.

Дизайнерлер бұл жолы да аянып қалған жоқ: қысқасы, ұзыны, қалыңы, жұқасы, бір тегісі, аласы, суреттермен безендірілген алуан түрін подиумға жарыса шығарды.

Ұзындығы белден сәл төмен түрі «банан», «құмсағат» пішіндегілерге жараса кетеді. Капюшоны «алмұрттардың» иығын үлкейтіп, «алмалардың» ішін бүркемелеп тұратындықтан, бөксені жауып тұратын түрін таңдауға болады.

Ұзын худи-көйлек арықша келген бойжеткендерге құйып қойғандай жарасатыны сөзсіз.

Дизайнерлердің кейбіреулері кинестетиктер шығар, себебі душ қабылдағанда киетін халатқа ұқсас жұмсақ, қалың түрі де сәнге енгізілген. Жасанды теріден тігілген түрін жиі жел болатын ызғарлы көктемде күртенің орнына кие аласыз.

Дресс-код қатаң сақталмайтын, casual стилі рұқсат етілген жұмыс орнында біртегіс худиді әртүрлі пішімдегі, ұзындықтағы белдемшелермен, балтырды жабатын қысқа шалбарлармен кию сізді сәнқой етіп көрсетеді.

Әртүрлі жануардың суреті бейнеленген худиді жұқа үлбіреген белдемшемен киген бойжеткенді көріп, оның романтиканы сүйетін, қиялшыл жан екенін түсінесіз. Ал суреттер мен жазулары бар худилер дүкен, базар аралауға таптырмайтын киім.

Джинс, леггинспен үйлестіріп, құрбы-құрдастарыңызбен кездесуге, сондай-ақ weekend күндері қала сыртына немесе әлдебір спорттық жарыстарға баруыңызға болады.

Худиді кигеніңізде көзілдірік пен көлемді сөмкеден басқа аксессуар ерсі екенін есте ұстағаныңыз жөн.

"Қыз − елдің көркі" екенін ұмытпағайсыз!

Сурет: myestetista.blogspot.com

Оқи отырыңыз:

2015 жылдың қысқы сөмкелері

"Mom jeans" сәнге қайта оралды

Сағат таңдаудың сырлары

Соңғы сәнмен киіну неліктен ерсі көрінеді?