Көктемгі сән: Этника элементтері бар Casual стилі

Көктемгі сән: Этника элементтері бар Casual стилі

Еліміздің ең үлкен «Апорт» моллындағы Mango бутигіне жол тартып, көктем-жаз топтамасымен таныстық. Көптеген қалада кездесетін Манго дүкенінен күнделікті киетін киімдерді де табуға болады. Әрбір маусымда дүкен сөрелері соңғы сәндегі киім-кешектермен толығып тұрады.

Бұл жолы да көктемгі маусымның жаңа киімдері келіп үлгеріпті. Дүкен топтамасынан барлық стильдік үлгіні кездестіресіз. Оларды бір-бірімен сауатты үйлестіріп, жаңаша бір өзіндік бет-бейнеңізді жасай аласыз. 

Ең алдымен, бұл стильдің тарихымен таныстырып өтейін. Кэжуал стилі күнделікті өмірде киюге барынша ыңғайлы. Сәнді әрі қимыл-қозғалысқа бөгет жасамайды. Өзінің әмбебаптылығымен әлемге танымал. “Casuals” сөзі ағылшын тілінен аударғанда «күнделікті», «немқұрайлылық», «кездейсоқ», «тұрақсыз», «бейресми», «еркін» деген мағынаны білдіреді.

Тарихына жүгінер болсақ, өткен ғасырдың 70 жылдарынан бастап аталған стильдің отаны Англия мен Шотландия болып есептеледі. Бұл екі елде “Casuals” тобын құрып, арнайы киім киген футбол жанкүйерлері болған. Олардың киімдері джинсы шалбар, поло футболкасы, ақ крассовкі және Adidas, Levi’s, Lacoste сынды әйгілі брендтердің күртелерінен құралған. Осы сәнді әрі жинақы киімдерінің арқасында футбол жанкүйерлері матчтарға кіру мүмкіндігін алған. Ал жарасымсыз киім киген фанаттарды уақыт өте келе кіргізбейтін болған.

Көп ұзамай бұл стиль әлемге таныла бастайды. Ыңғайлылық пен сәнді қамти білген кэжуал стилі сәнгерлерге қатты ұнаған екен. Арада біраз уақыт өткен соң кэжуал стилі мен футбол арасында ассоциация жүреді. Қала тұрғындары оны тауға, орманға, баққа шығып серуендеу үшін киіп шығып, артынша күнделікті киюге лайық киім түріне айналады.

Қалалық кэжуал стиілінің негізгі принциптері:

♥ соңғы сәнді киім үлгілерін қамтуы;

♥ ыңғайлылық;

♥ іскерлік;

♥ көп қызметтілік;

♥ әртүрлілік;

♥ кербездік элементтері бар қарама-қарсылық;

♥ еркіндік;

♥ түрлі түстің болуы.

Кэжуал стилін әдетте өте белсенді жандар жақсы көреді. Өйткені оларға қозғалу үшін ыңғайлы киім керек. Аталған стилдің жанкүйерлері сәнді жіті бақылап, оларды өзге стильдермен де араластырып киеді. Мысалы, кешкі көйлек пен былғары күртеше, джинсы белдемше мен пиджак, денеге жабысып тұратын джинсы шалбар мен романтикалық кеудеше және т.б. Дәл сондай образдардың бірі суретте көрсетілген.

Кэжуал стиліне лайық көйлек этникалық элементтері бар көйлекпен үйлескен. Өзіңізді барынша еркін сезіне түсу үшін шашақты аксессуар қосу жеткілікті болады.

Шашақ – осы жылдың басты трендтерінің бірі. Бір шетінен хиппи мәдениетін еске түсірсе, енді бірде «Ұлы Гэтсби» фильмінен шабыт алдырады.

 

 

 

 

 

Сурет: Massaget.kz

Оқи отырыңыз: 

Көктемгі сән: Шәлі

Қыз баланың мойнына артылған жүк туралы

Заманауи бойжеткен қандай болуы керек?

Мінсіз дене сымбатына жету үшін


Қ. Бүйенбай